Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстан бюджетіне мұнай тасымалдаушылардан 3,3 млрд теңгеден астам қаржы қайтарылды

Малика Хамит
Қазақстан бюджетіне мұнай тасымалдаушылардан 3,3 млрд теңгеден астам қаржы қайтарылды

Мұнай құбырлары арқылы тасымалдау кезінде есепке алынбай қалған 92 мың тоннадан астам мұнай анықталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Соның нәтижесінде мемлекет бюджетіне 3,3 млрд теңгеден астам қаражат түсті.

Бас көлік прокуратурасы «Кеңқияқ – Құмкөл» және «Атасу – Алашанкоу» магистральдық мұнай құбырларының жұмысын тексеру барысында салық заңнамасының бұзылғанын анықтады.

Белгілі болғандай, мұнай тасымалдау кезінде технологиялық ерекшеліктер мен өлшеу қателіктеріне байланысты пайда болған артық көлем бухгалтерлік есепке толық енгізілмеген. Салдарынан компания активтерінің құны төмен көрсетіліп, мемлекетке төленуге тиіс салық көлемі азайған.

Прокуратураның ұсынысынан кейін Энергетика министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар бұзушылықтарды жоюға кірісті.

Түгендеу нәтижесінде есепке алынбаған 92 мың тоннадан астам мұнай бухгалтерлік есепке енгізілді. Сонымен қатар салық есептілігі қайта қаралып, 2,9 млрд теңге корпоративтік табыс салығы есептелді.

Бұдан бөлек, мүлік салығы бойынша өсімпұлды қоса есептегенде, бюджетке 300 млн теңгеден астам қаражат түсті.

Осылайша, қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекет қазынасына жалпы сомасы 3,3 млрд теңгеден астам қаржы түсті. Ал мұнай тасымалдау саласындағы заңдылықтың сақталуын бақылау жұмыстары жалғасады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp