Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстан экономикасы 10 айда 4,5%-ға өсті: қай салалар көш бастады?

Малика Хамит
Қазақстан экономикасы 10 айда 4,5%-ға өсті: қай салалар көш бастады?

Қазақстан экономикасының өсімі жеделдеді. 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 4,5%-ға артты, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректерінде айтылған.

Бір қызығы, экономикалық өсімге шикізаттық емес сектор айтарлықтай үлес қосқан. Атап айтқанда, бұл бағыттағы өндіріс көлемі бір жылда 5,6%-ға көбейді. Ал өнеркәсіп саласындағы жалпы өсім 3,5%-ды құрады.

Өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің бірі – өңдеу өнеркәсібі. Бұл саладағы көрсеткіш тоғыз айдағы 8,6%-дан он айдың қорытындысында 9,3%-ға дейін жетті.

Әсіресе фармацевтика өндірісі 50,9%-ға өсіп, салалар арасында ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Сондай-ақ дайын металл бұйымдарын өндіру 30,4%-ға, машина жасау 22,2%-ға, химия өнеркәсібі 21,9%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару 18,1%-ға артқан. Тамақ өнімдері өндірісінде де 13 пайыздық өсім тіркелді.

Бұдан бөлек, экономиканың басқа бағыттарында да оң динамика байқалады. Құрылыс саласы 13,1%-ға өсіп, жоғары нәтиже көрсеткен. Көлік және қойма қызметтері 7,5%-ға, сауда 6,2%-ға, ауыл шаруашылығы 5,2%-ға, байланыс саласы 4,9%-ға ұлғайған.

Осылайша, Қазақстан экономикасының өсіміне тек шикізат өндірісі емес, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда және қызмет көрсету салалары да үлес қосып отыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp