Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 4,2%-ға өсті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Экономикалық өсімге құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік қызметтері мен сауда салалары айтарлықтай үлес қосқан. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, шикізатқа жатпайтын сектордың өсімі 5,4%-ды құрады. Ал аталған төрт саланың ЖІӨ өсіміне қосқан жиынтық үлесі 75%-дан асты.
Экономикадағы тағы бір маңызды көрсеткіш - инвестиция көлемі. Қаңтар-қыркүйек аралығында негізгі капиталға салынған инвестиция 16,1 трлн теңгеге жетіп, өткен кезеңмен салыстырғанда 7%-ға артты.
Инвестиция өсіміне жеке капитал көбірек үлес қосқан. Жеке инвестициялар 18,2%-ға көбейіп, жалпы инвестиция көлеміндегі үлесі 85,7%-ды құрады.
Сонымен қатар биылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 9,4 млрд доллар болған.
Инвестицияның өсуі бірнеше салада байқалды. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде 40,1%, құрылыста 32%, ақпарат және байланыс саласында 29,2%, денсаулық сақтауда 20,4%, ауыл шаруашылығында 9,1% өсім тіркелді.
Серік Жұманғарин экономиканы әртараптандыру бағытындағы өзгерістерге де тоқталды. Оның мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндірудің ЖІӨ құрылымындағы үлесі 7,8%-ға дейін қысқарған. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 14,1%-ға жетіп, тау-кен өндіру өнеркәсібінің үлесі 12,4% болған.