Құрылтайда Қазақстан мен Германия арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды. Кездесуге Германия Федеративтік Республикасының Ауыл шаруашылығы, азық-түлік және өңірлік бірегейлік федералдық министрлігінің Парламенттік мемлекеттік хатшысы Мартина Энгльхардт-Копф бастаған делегация қатысты. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Германия делегациясын Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Серік Егізбаев қабылдады.
Кездесу барысында комитет төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл қыркүйекте Германияға жасаған ресми сапары екі ел арасындағы аграрлық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсеткенін атап өтті.
Серік Егізбаевтың айтуынша, Берлинде өткен бизнес-форумда Президент ауыл шаруашылығын екіжақты әріптестіктің басым бағыттарының бірі ретінде белгілеген. Сондай-ақ «CLAAS», «Horsch» және «Amazonen-Werke» неміс компанияларымен бірлескен жұмыстың нәтижелеріне тоқталған.
Қазақстан Германиямен байланысты мемлекеттік органдар, кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдар деңгейінде одан әрі дамытуға мүдделі.
Комитет төрағасы 2026 жылғы қаңтарда Берлинде өткен «Жасыл апта» көрмесінде қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері кеңінен таныстырылғанын да айтты. Қазақстан Германия нарығына табиғи өнімдер, астық, майлы және бұршақ дақылдарының экспортын ұлғайтуды көздейді.
Өз кезегінде Мартина Энгльхардт-Копф Қазақстанды Германияның Орталық Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі деп атады. Ол неміс тарапының ауыл шаруашылығы саласындағы, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.