Қазақстан мен Өзбекстан парламенттерінің спикерлері жас депутаттар арасындағы байланысты нығайтуға және парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты. Бұл мәселе Құрылтай Спикері Айбек Дәдебай мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаеваның Душанбеде өткен Орталық Азия мемлекеттерінің IV Парламентаралық форумы аясындағы кездесуінде талқыланды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Кездесу барысында Айбек Дәдебай Қазақстанда жаңа Конституцияға сәйкес жүзеге асырылып жатқан саяси өзгерістер туралы ақпарат берді. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген негізгі басымдықтарға тоқталды.
Қазақстандық делегация басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығаюына мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің күш-жігері ықпал етіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, парламентшілердің басты міндеттерінің бірі – жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыруға жәрдемдесу.
Тараптар парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің жұмысын жаңартылған құрамда жалғастыру, достық топтары мен салалық комитеттер арасындағы тәжірибе алмасуды кеңейту мәселелерін қарастырды.
Танзила Нарбаева Қазақстан Президентінің Жолдауында көтерілген бастамаларға қызығушылық білдіріп, өңір үшін өзекті мәселелерді шешудегі бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті. Сонымен қатар ол жас парламентшілер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді ұсынды.
Кездесу қорытындысында тараптар парламенттік делегациялардың өзара сапарларын ұйымдастыруға, салалық комитеттер мен парламентаралық комиссиялар арасындағы жұмыс байланыстарын дамытуға назар аударды.
Бұл бастамалар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы парламентаралық диалогты нығайтуға және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған.