Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстан мен Қытай деректер алмасатын ортақ цифрлық платформа құрады

Малика Хамит
Қазақстан мен Қытай деректер алмасатын ортақ цифрлық платформа құрады

Қазақстан мен Қытай цифрлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтермек, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Екі ел деректерді өзара алмасуға мүмкіндік беретін ортақ цифрлық алаң құруға кірісті. Бұл бизнеске жаңа нарықтарға шығуға және жасанды интеллект технологияларын дамытуға жол ашуы мүмкін.

Жоба 2026 жылғы 30–31 қазанда Шанхайда өткен Global Data Ecosystem Conference халықаралық конференциясында талқыланды. Қазақстан жиынға арнайы шақырылған халықаралық серіктес ретінде қатысты.

31 қазанда қазақстандық Astana Data Exchange (ADX) пен Shanghai Data Exchange (SDE) деректер өнімдерін екі платформда қатар орналастыру бойынша алғашқы бірлескен жұмысты бастады. Яғни, деректерді жеткізушілер өз өнімдерін Қазақстан мен Қытайдың екі алаңында да ұсына алады.

Мамандардың айтуынша, сенімді деректерге қол жеткізу компаниялар үшін үлкен артықшылық береді. Ол жасанды интеллект құралдарын әзірлеуге, цифрлық қызметтерді жетілдіруге және жаңа нарықтарға шығуға көмектеседі.

Жоба аясында екі ел деректерді қауіпсіз әрі ашық алмасу тетіктерін дамытуды көздеп отыр. Бастамаға қаржы және IT компаниялары, мемлекеттік кәсіпорындар мен салалық қауымдастықтар да қосылған.

Қазақстан үшін бұл – цифрлық экономиканы дамытудың жаңа кезеңі. Қазір елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн көрсетіледі. Ал 2025 жылы жеке тұлғалардың төлемдері мен ақша аударымдарының 98,3 пайызы қолма-қол ақшасыз жүзеге асқан.

Ендігі мақсат – цифрландыру жетістіктерін пайдаланып қана қоймай, жиналған деректердің экономикалық пайдасын арттыру.

Егер екі елдің ұлттық деректер платформалары ортақ талаптар негізінде біріктірілсе, бұл тәжірибе болашақта басқа мемлекеттерге де үлгі болуы мүмкін.

Бөлісу: Telegram WhatsApp