Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкинмен кездесті. Тараптар БҰҰ аясындағы көпжақты ынтымақтастық мәселелерін және алдағы халықаралық іс-шараларға дайындық барысын талқылады. Qandastar.kz сайты хабарлады.
Кездесу барысында Абу-Дабиде (БАӘ) өтетін БҰҰ-ның Су ресурстары жөніндегі алдағы конференциясына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ құрылымында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын ілгерілету мәселесі қаралды. Осы бағытта екі елдің БҰҰ алаңдарындағы өзара іс-қимылын нығайтып, өңірлік құрылымдар мен екіжақты байланыстар аясындағы ынтымақтастықты дамыту маңызды екені атап өтілді.
Бұдан бөлек, тараптар жасанды интеллект технологияларын реттеу және пайдалану саласындағы халықаралық бастамалар, сондай-ақ АҚШ-та өтетін «Үлкен жиырмалық» (G20) саммитінің күн тәртібі жөнінде пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша екі ел көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, ведомствоаралық байланысты жандандыруға және қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.