Аваза қаласында Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай Түрікменстан Меджлисінің Төрағасы Дуньягозель Гулмановамен кездесіп, екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің 61-ші пленарлық отырысы қарсаңында өтті. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Кездесу барысында Айбек Дәдебай түрікмен тарапына қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, Түрікменстан Меджлисін ТМД Парламентаралық Ассамблеясына бақылаушы мәртебесін алуымен құттықтады. Сондай-ақ Түрікменстанның 2026 жылы ТМД-ға төрағалық ету аясында БҰҰ мен ТМД арасындағы байланысты нығайту жөніндегі бастамасына жоғары баға берді.
Құрылтай Төрағасы Қазақстан мен Түрікменстанды ғасырлар бойы қалыптасқан достық және тату көршілік қатынастар байланыстыратынын атап өтті. Оның айтуынша, екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестік энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, көлік, транзит, білім және мәдениет салаларын қамтиды.
Айбек Дәдебай екі ел парламентшілерінің негізгі міндеті жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға ықпал ету екенін жеткізді.
Кездесу кезінде ол Қазақстандағы саяси реформалар мен бір палаталы Құрылтайға көшу үдерісі туралы да мәлімет берді. Жаңа Құрылтай құрамына бес саяси партиядан 145 депутат кірген. Олардың 49-ы – әйелдер. Сонымен қатар Құрылтайда Түрікменстан Меджлисімен ынтымақтастық жөніндегі депутаттық топ құрылған.
Өз кезегінде Дуньягозель Гулманова қазақстандық әріптестерін Құрылтайдың құрылуымен құттықтап, Қазақстанның одан әрі өркендеуіне тілектестігін білдірді. Ол екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ парламентаралық байланыстардағы гендерлік өкілдікті нығайтуға назар аударды.
Тараптар өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мәселесін де талқылады. Айбек Дәдебайдың пікірінше, шекаралас өңірлер арасындағы тұрақты байланыстар сауда, логистика және мәдениет салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ал екі ел парламенттері осындай бастамаларды қолдауға дайын.