Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жолаушылар әуе тасымалының ең ірі нарығына ие. 2025 жылы еліміздің өңірдегі жолаушылар тасымалының жалпы көлеміндегі үлесі 48,7%-ды құрады. Бұл туралы Еуразиялық даму банкінің (ЕДБ) сарапшылары мәлімдеді. Qandastar.kz сайты хабарлады.
ЕДБ деректеріне сәйкес, 2025 жылы Орталық Азияның бес еліндегі әуе компаниялары 31,7 миллион жолаушы тасымалдаған. Бұл пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда екі есеге жуық көп.
Өңірдегі жолаушылар әуе тасымалы нарығында Қазақстанның үлесі 48,7%-ды құраса, Өзбекстанның үлесі – 35%, Түрікменстандікі – 7%, Қырғызстандікі – 5,6%, Тәжікстандікі – 3,7%.
Сарапшылар нарықтың өсуіне халықтың әуе көлігімен қатынау мүмкіндігінің артуы және бюджеттік әуе компанияларының нарыққа шығуы ықпал еткенін атап өтті. Соңғы он жылда Қазақстанда бір тұрғынға шаққандағы жолаушы-километр көрсеткіші 2,4 есе өскен.
Сондай-ақ 2015–2025 жылдары Орталық Азия елдеріндегі әуе флотының қолжетімді тасымалдау сыйымдылығы жылына орта есеппен 7,7%-ға артқан. Бұл әлемдік нарықтың өсу қарқынынан үш есе дерлік жоғары. Ал 2023–2025 жылдары өңірдегі жүк әуе тасымалының көлемі төрт еседен астам өсіп, 335,7 мың тоннаға жеткен.
Қазақстанда әуежай инфрақұрылымы жаңартылып жатыр
Қазақстанда әуежай инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соңғы үш жылда жеке инвестициялар есебінен Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминал кешендері пайдалануға берілді. Нәтижесінде олардың жиынтық өткізу қабілеті 6,5 есе артып, жылына 23 миллион жолаушыға жетті.
2026 жылдың соңына дейін Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында үш жаңа әуежайдың құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, елдегі бірқатар ұшу-қону жолақтары мен аэродром кешендері жаңғыртылып, әуе бағыттарының желісі кеңейтіліп, қосымша рейстер ашылды.
ЕДБ мәліметінше, 2035 жылға дейін Орталық Азияда әуежайларды дамытуға арналған жалпы құны 5,1 миллиард доллар болатын 12 ірі жобаны жүзеге асыру көзделген. Өңірдің авиациялық көлік секторына тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жинақталған көлемі 1,4 миллиард долларға жеткен.
Осылайша, Қазақстан жолаушылар әуе тасымалы нарығындағы жетекші орнын сақтап, көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға және халықаралық транзиттік бағыттарды дамытуға басымдық беріп отыр.