Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстан өз мысын өңдеуді неге өзге елдерге қалдырып отыр?

tursynhan 106 қаралым
Фото: exp.com
Фото: exp.com

Қазақстан мысын сатып, миллиардтаған доллар табады. Бірақ сол шикізатты әрі қарай өңдейтін зауыт, онда жұмыс істейтін мамандар мен өндірістен түсетін табыстың бір бөлігі шетелде қалып отыр. Экономист Юрий Масанов Facebook-тегі жазбасында осы мәселені көтерді, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Бұған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапарында талқыланған өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық, Қазақстанда өндіріс ашу, технология мен жаңа инвестиция тарту мәселелері түрткі болған. Aurubis компаниясымен кездесуде құрамында мыс бар күрделі шикізатты өңдеу, одан басқа металдарды бөліп алу және қайта пайдалануға болатын шикізатпен жұмыс істеу жайы да сөз болған.

Әзірге әңгіме ынтымақтастықтың болашағы туралы болып отыр. Бірақ қазірдің өзінде бір сұрақ қоюға болады: Қазақстанда мыс қоры мол болса, оны өңдеудің келесі кезеңінің едәуір бөлігін неге әлі күнге дейін басқа елдерге қалдырып келеміз?» дейді Масанов.
Дәйексөз

Экономист келтірген есеп бойынша, 2025 жылы Қазақстан шетелге шамамен 79 млрд доллардың тауарын сатқан. Соның ішінде тазартылған мыс пен мыс қорытпаларының үлесі шамамен 4,1 млрд доллар немесе жалпы экспорттың 5,2 пайызы болған. Мыс кені мен концентраты тағы 2,8 млрд доллар, яғни 3,6 пайыз әкелген. Осы екі тауардың өзінен елге 7 млрд долларға жуық экспорттық түсім түскен.

Ал Қазақстан сырттан көп сатып алатын тауарлардың қатарында автомобиль, телефон, көлік бөлшектері мен дәрі-дәрмек бар. Масанов мұны шикізат пен бастапқы өңдеуден өткен өнімді сатып, өндірісі күрделірек дайын тауарды сырттан алатын экономиканың көрінісі деп сипаттайды. Дегенмен мұндай салыстырудың тым жалпылама екенін де ескертеді.

Ертеңнен бастап Қазақстанның мысынан смартфоннан бастап автомобильге дейін бәрін шығарайық деу оғаш болар еді. Бірақ өндіріс тізбегінің қай бөлігін өз елімізде қалдыра аламыз деген сұрақ бар».
Дәйексөз

Бұл жерде шетелге нақты қандай өнім кетіп жатқаны маңызды. Катодты мыс сатылса, оны металлургиялық өңдеу жұмысының едәуір бөлігі Қазақстанда жасалған деген сөз. Ал концентрат экспортталғанда, балқыту, тазарту, құрамындағы басқа металдарды бөліп алу және қосымша өнім шығару жұмыстары да шетелге өтеді.

Балқыту зауыты Қазақстанда жұмыс істемейді. Металдарды әрі қарай бөліп алу, өнеркәсіптік инфрақұрылымды пайдалану, мамандардың еңбегі мен қосымша өнім шығару басқа елде жүреді. Шикізат біздікі, ал оны өңдеудің келесі кезеңі мен сол кезде қосылатын құн өзге экономикада қалады».
Дәйексөз

Масановтың дерегінше, 2025 жылы Қазақстан шамамен 1,4 млн тонна мыс кені мен концентратын экспорттаған. Сатудан түскен ақшаны осы көлемге бөлгенде, әр тоннасына шамамен 2 мың доллардан келеді. Бірақ кен мен концентраттың бүкіл салмағын таза мыс деп есептеуге болмайды.

Менің түсінуімше, Қазақстанда жыл сайын алынатын концентраттың құрамында шамамен 750–800 мың тонна мыс болады. Соның 470 мың тоннаға жуығы ел ішінде катодты мысқа дейін өңделеді, қалған 280–330 мың тоннасы экспортқа кететін концентраттың үлесіне тиеді. Демек, сыртқа шығарылатын шикізатта шамамен 300 мың тонна мыс бар».
Дәйексөз

Экономист Қазақстан концентраттағы металдарды тегін беріп жатқан жоқ екенін атап өтеді. Оның бағасы ең алдымен сатып алушы ақы төлейтін мыс көлеміне қарай белгіленеді. Құрамындағы алтын мен күмістің мөлшері және келісімшарт талаптары мүмкіндік берсе, олардың құны да есепке алынады.

Алайда сатып алушы металдардың толық құнын төлемейді: есептен өңдеу кезіндегі шығын, тасымал ақысы, кейде қажетсіз қоспалар үшін салынатын айыппұл да шегеріледі.

Сондықтан өңделген металдардың құнын алып, одан қазіргі экспорттық түсімді шегере салу, сөйтіп айырмасын “Қазақстанның шығыны” деп атау дұрыс болмайды. Мәселе осы шикізат әрі қарай өңделгенде қандай өнімге айналатынында және оның құны қай елде жасалатынында».
Дәйексөз

Масанов осыны түсіндіру үшін Балқаштағы жаңа мыс балқыту жобасын мысалға алады. Үкімет көрсеткен жобалық қуат бойынша, кәсіпорын жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын шығара алады. Инвестиция көлемі 750 млрд теңгеге бағаланған.

Зауыттың мыс өндіру қуаты қазір Қазақстан экспорттайтын концентраттың құрамындағы мыс көлеміне шамалас. Сондықтан экономист осы кәсіпорынның көрсеткіштерін ықтимал есептің негізі ретінде пайдаланған.

300 мың тонна катодты мыстың әр тоннасын есеп үшін 14,5 мың доллардан алсақ, жалпы құны шамамен 4,35 млрд доллар болады.10 тонна алтынның құны шамамен 1,35 млрд долларға жетеді. Бұл концентраттың әр тоннасына шамамен 7 грамм алтыннан келеді, ал есепте алтынның тоннасы шамамен 135 млн доллар деп алынған.300 тоннаға дейінгі күмістің құны шамамен 600 млн доллар болады. Мұнда концентраттың әр тоннасына шамамен 214 грамм күмістен келеді, есептік баға күмістің тоннасына шамамен 2 млн доллар.1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылының тоннасын шартты түрде 100 доллардан есептесек, құны шамамен 150 млн доллар шығады».
Дәйексөз

Күкірт қышқылының ел ішінде де сұранысы бар. Масановтың дерегінше, Қазақстан оның шамамен 21 пайызын, яғни 624 мың тоннасын сырттан алады, ал негізгі тұтынушысы уран өнеркәсібі болып отыр.

Осы есеп бойынша, қазір экспортталатын мыс кені мен концентратын терең өңдеу арқылы жылына құны 6,45 млрд долларға дейінгі өнім алуға болар еді. Бірақ экономист мұның әртүрлі дереккөзден жиналған мәліметтерге сүйенген жуық есеп екенін ескертеді. Нақты нәтиже концентраттың құрамына, алтын мен күмістің мөлшеріне, өңдеу технологиясына және нарықтағы бағаға байланысты.

Бұл айырма Қазақстанның тікелей шығыны дегенді білдірмейді. 6,45 млрд доллар пайда емес, күрделі және күнделікті өндірістік шығындар шегерілгенге дейінгі өнім құны. Оған зауыттарға салынатын инвестиция, электр қуаты, химиялық заттар, жабдық, жөндеу, экологиялық шығындар, қызметкерлер мен тасымал кіреді».
Дәйексөз

Есептің мәні де осы: концентрат пен одан алынатын өнімнің арасында ауқымды өндіріс бар, оның едәуір бөлігі қазір Қазақстаннан тыс жерде жұмыс істеп тұр.

Ендеше, сол шикізаттың бәрін ел ішінде өңдеуге не кедергі? Масановтың айтуынша, Қазақстанда мыс балқыту қуаты жеткіліксіз. Жаңа зауыт салуға миллиардтаған қаржы, инфрақұрылым, электр энергиясы, технология және бірнеше жыл уақыт керек.

Балқаштағы жаңа жобаның өзіне салынатын жеке инвестиция 750 млрд теңгеге бағаланып отыр, ал оны іске қосу 2030 жылға жоспарланған. Сонымен қатар елде жылына шамамен 300 мың тонна катодты мыс шығаратын тағы бір ірі мыс балқыту жобасы жоспарланып жатыр. Яғни Қазақстан өңдеу жұмысының әлдеқайда үлкен бөлігін ел ішінде қалдыруға мүмкіндік беретін қуаттарды біртіндеп құрып келеді».
Дәйексөз

Алайда зауыт салумен мәселе түгел шешілмейді. Қазіргі кәсіпорындар жаңарып, өндірісін кеңейтуі үшін де, жаңа жобалар қомақты инвестиция тартып, оны қайтаруы үшін де өңдеуден тұрақты табыс табуға болатын, алдағы жағдайы түсінікті орта қажет, дейді экономист. Бұл қазір келіссөз жүргізіліп жатқан ықтимал инвесторлар үшін де маңызды.

Қазақстан шикізаты бар екенін ғана емес, осында ірі әрі тұрақты өңдеу өндірісін құруға болатынын көрсетуі керек. Сонда концентраттың көбірек бөлігін ел ішінде өңдеп, одан кейінгі өндірістерді де біртіндеп дамытуға болады».
Дәйексөз

Масанов кен өндіру мен оны өңдеуді бір-біріне қарсы қоюға болмайды деп есептейді. Күшті кен өндіруші компанияларсыз шикізат та, жаңа кен орындары мен концентрат та болмайды. Ал заманауи металлургия дамымаса, келесі өңдеу кезеңі мен содан түсетін табыс өзге елдерде қала береді.

Міндет экспортқа тыйым салып, бәрін үйде өңдеу емес. Жаңа кен орындарын іздеу, өндірісті ұлғайту және Қазақстанның ішінде өңдеуге қаржы салу қатар тиімді болатын жағдай жасау керек».
Дәйексөз

Оның үстіне катодты мыс өндіріс тізбегінің соңғы өнімі емес. Одан әрі сым жасауға арналған мыс шыбық, сым, кабель, фольга, қорытпалар, электр техникасына қажетті бұйымдар мен басқа да ондаған өнім шығарылады. Масановтың бағалауынша, Қазақстанда мұндай өнімдердің үлесі әзірге өте аз.

Сондықтан басты сұрақ: Қазақстан өз мысының айналасында қаншалықты үлкен экономика құра алады? Шикізаттың айналасында металлургияны, қызмет көрсететін кәсіпорындарды, инженерлік білім мен дағдыны және одан кейінгі өндірістерді біртіндеп дамыту маңызды. Сонда ел үшін экономикалық нәтиженің сапасы мүлде өзгереді».
Дәйексөз
Бөлісу: Telegram WhatsApp