Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстан қой жүнін құрылыс материалына айналдырып жатыр

Малика Хамит
Қазақстан қой жүнін құрылыс материалына айналдырып жатыр

Ақтөбе облысында отандық өндіріс қарқын алып келеді, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Өңірде мұнай-газ саласына қажетті жабдықтар шығаратын зауыт өнім көлемін арттырса, тағы бір кәсіпорын қой жүнін өңдеп, одан құрылыс пен жиһаз өндірісіне арналған материалдар жасап жатыр. Өндіріс орындарының жұмысымен Премьер-министр Олжас Бектенов танысты.

Үкімет басшысы алдымен «Қазақстандық мұнай жабдықтары зауытының» өндірістік цехтарын аралады. Кәсіпорын жылына 100-120 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Мұнда сорғы-компрессорлық және шегендеу құбырлары, түрлі мұнай-газ жабдықтары, клапандар мен ысырмалар өндіріледі.

Зауытты дамытуға осы уақытқа дейін 7,4 млрд теңге инвестиция салынған. Биылғы тоғыз айда шегендеу құбырларын өндіру көлемі 31,4%-ға өсіп, 14,1 мың тоннаға жетті. Ал басқа мұнай кәсіпшілігі жабдықтарының өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 179 тоннадан 7,4 мың тоннаға дейін артқан.

Кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс ауқымын одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, орта және жоғары қысымды клапандар мен ысырмалар шығаратын жаңа цех салу көзделген. Жобаға 700 млн теңге инвестиция салынып, оны 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр.

Ақтөбеде қой жүнінен құрылысқа қажетті материал жасалады

Олжас Бектенов барған екінші кәсіпорын – KazFeltec. Мұнда қарапайым қой жүні терең өңделіп, жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдарға айналады.

2025 жылы іске қосылған зауытқа 5,3 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорын жылына 3,6 мың тоннаға дейін қой жүнін өңдеп, 2,2 мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы. Өндірісте италиялық технологиялық жабдықтар қолданылады. Қазір мұнда 50 адам еңбек етеді.

Зауыт шикізатты Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы шаруа қожалықтарынан сатып алады. Бұл ауыл шаруаларына қой жүнін өткізіп, қосымша табыс табуға мүмкіндік беріп отыр.

Кәсіпорын өнімдері әзірге ішкі нарыққа жеткізіледі. Алдағы уақытта экспортқа шығару да жоспарланған.

Өңірге 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған

Ақтөбе облысында биылғы 10 айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден асып, 8,2%-ға өскен. Ал тікелей шетелдік инвестициялар екі есеге артып, 357,2 млн долларға жетті.

Бұдан бөлек, өңірде 400 млрд теңге инвестиция тартуға және 1,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін арнайы экономикалық аймақ құру мәселесі қарастырылып жатыр.

Олжас Бектенов облыс әкімдігіне инвестициялық жобаларды уақытылы жүзеге асыруды, отандық өндірісті кеңейтуді және шикізатты терең өңдеуге басымдық беруді тапсырды.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 9,3%-ға өскен. Жыл басынан бері жалпы құны 900 млрд теңге болатын 125 өндірістік жоба іске қосылған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp