Қазақстанның Ұлттық ұланында әскери қызметшілердің шағымдары мен ұсыныстарын жасырын түрде қабылдайтын жаңа жүйе іске қосылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Енді сарбаздар QR-кодты сканерлеу арқылы командирлеріне тікелей хабарласа алады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
ULAN SENIM деп аталатын пилоттық жоба әзірге Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімінде сынақтан өтіп жатыр. Жүйе Aitu мессенджері арқылы жұмыс істейді. Әскери қызметші арнайы QR-кодты сканерлеп, өтінішін ешкімге аты-жөнін көрсетпей жолдай алады.
Өтініш беру үшін сарбаз алдымен мәселенің санатын таңдап, жағдайды сипаттап, хабарламасын жібереді. Әр өтінішке жеке нөмір беріледі және ол тиісті шара қабылдау үшін бөлім командиріне жолданады. Мамандардың айтуынша, өтініштерді қарауға үш күн уақыт бөлінген.
Жаңа платформа тек шағым түсіруге ғана арналмаған. Оның көмегімен әскери қызметшілер өзара келіспеушіліктер, қызмет барысындағы мәселелер туралы хабарлап, күнделікті тұрмысты жақсартуға қатысты ұсыныстарын да жеткізе алады.
Мәселен, сарбаздар күн тәртібін өзгерту, демалыс күндерін тиімді ұйымдастыру немесе асхана мәзірін жаңарту жөнінде бастама көтере алады.
Сонымен қатар жүйеде жіберілген өтініштің қалай қаралып жатқанын бақылауға және бұрын жолданған хабарламалардың тарихын көруге мүмкіндік бар.
Қазір пилоттық жоба аясында өтініштерді қабылдау, тіркеу, қарау және олардың орындалуын бақылау тетіктері тексеріліп жатыр. Сынақ нәтижесі оң болса, ULAN SENIM жүйесін Ұлттық ұланның барлық әскери бөліміне енгізу мәселесі қарастырылады.