Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстан ТМД елдеріне төтенше жағдайлардың алдын алудың жаңа технологияларын таныстырды

Бақытжан Мұса
ТЖМ
ТЖМ

Қазақстан төтенше жағдайлардың салдарын жоюдан гөрі, қауіп-қатерлерді алдын ала анықтап, олардың алдын алуға басымдық беріп отыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Шымкентте өткен ТМД елдерінің Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің XXXVIII отырысында мәлімдеді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Министрдің айтуынша, су тасқыны, орман өрттері, жер сілкіністері мен техногендік апаттар бірнеше мемлекеттің аумағына қатар әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай қауіптерге қарсы күресте мемлекеттер арасындағы үйлесімді іс-қимыл, жедел ақпарат алмасу және бірлескен дайындық маңызды.

Кездесу барысында Қазақстанның төтенше климаттық және техногендік жағдайларды болжау жөніндегі Өңірлік орталық құру бастамасы да қаралды.

Мұрат Мұханов Қазақстанда төтенше жағдайларды ерте анықтау үшін заманауи технологиялар мен жасанды интеллект қолданылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, жасанды интеллект орман өрттерін ерте анықтауға пайдаланылса, көмір шахталарында жұмысшыларды іздеу және газдану деңгейін бақылау жүйелері енгізілуде. Сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары жетуі қиын аумақтарды тексеруге мүмкіндік береді.

Министр жаңа технологиялық қауіптерге дайындық мәселесіне де тоқталды. Соңғы бір жылда Қазақстанда электромобильдер саны 40 пайызға өсуіне байланысты олардың аккумуляторларынан туындайтын өрттерді сөндіру алгоритмдері мен қауіпсіздік талаптары жаңартылған.

Бұдан бөлек, құтқару авиациясы мен мамандандырылған бөлімшелердің мүмкіндіктері кеңейтілуде. Каспий теңізінде апаттық жағдайларға әрекет етуге және мұнай төгінділерін жоюға арналған «Теңіз жасағы» дамып келеді. Алматыда 100 мыңға дейін зардап шеккен адамды орналастыруға арналған «Алатау» жедел мақсаттағы оңтүстік базасы жұмыс істейді.

Ауылдық жерлердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында 311 ерікті өртке қарсы құрылым құрылып, 975-тен астам елді мекеннің қауіпсіздігіне үлес қосып отыр.

Сонымен қатар Қазақстан ТМД елдерімен құтқарушыларды даярлау және тәжірибе алмасу бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруда. Қазақстандық мамандар Беларусь пен Ресейдің оқу орындарында білім алса, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары да даярлықтан өтеді.

Министрдің сөзінше, мемлекеттер арасындағы өзара көмек, бірлескен оқу-жаттығулар мен жедел ақпарат алмасу төтенше жағдайлардың алдын алуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp