Қазақстанда азаматтардың аты-жөні мен тегін өзгертуге қатысты өтініштер жиі түседі. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 14 162 адам осындай өтініш берген. Заң бойынша 16 жасқа толған азаматтар белгілі бір негіздер бойынша аты-жөнін өзгерте алады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, азаматтар аты-жөнін әртүрлі себеппен өзгертуге өтініш береді. Бірі құжаттағы орфографиялық қатені түзеткісі келсе, енді бірі күнделікті өмірде қолданатын есімін ресми түрде бекітуді қалайды.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес, аты-жөнін өзгертуге заңда көзделген 13 негіз бар. Олардың қатарында есімнің айтуға қиын немесе оғаш естілуі, тегіндегі қателерді түзету, екі есімді біріктіріп немесе бөлек жазу, сондай-ақ құжаттағы есімді азамат күнделікті қолданатын есіммен алмастыру бар.
Бұдан бөлек, бала асырап алу, ата-анасының аты-жөнінің өзгеруі және жынысын хирургиялық жолмен өзгерткеннен кейін жаңа есім алу да заңды негіздерге жатады.
Азаматтар тегін, атын және әкесінің атын өзгерту үшін Кодекстің 257-бабына сәйкес тіркеуші органдарға өтініш бере алады.
Мемлекеттік корпорацияның дерегінше, 2025 жылы аты-жөнін өзгертуге байланысты 18 763 өтініш қаралған. Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында мұндай өтініштердің саны 14 162-ге жеткен.
Заңнамада азаматтың аты-жөнін өзгерту санына шектеу қойылмаған. Алайда аты-жөні өзгерген жағдайда жеке куәлік, паспорт, жүргізуші куәлігі және басқа да тиісті құжаттарды жаңарту қажет.
Айта кетейік, аты-жөнін өзгерту азаматтың жеке сәйкестендіру нөміріне (ЖСН) әсер етпейді. ЖСН өзгеріссіз қалады, ал мемлекеттік деректер базасында бұрынғы мәліметтер сақталады.