Абай облысының Бесқарағай ауданындағы Жетіжар ауылында 309-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы жұмысын бастады. Жаңа өрт сөндіру бекеті төрт елді мекендегі 1 369 тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Qandastar.kz сайты хабарлады.
Ашылу рәсіміне Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Еркін Отарғалымұлы, Бесқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқанұлы және жергілікті тұрғындар қатысты.
Жаңа бекет Жетіжар, Кривинка, Лесной және Грачи ауылдарына қызмет көрсетеді. Ғимарат қажетті инженерлік-коммуникациялық жүйелермен, арнайы техникамен және құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Өрт сөндіру бекетінде арнайы автокөлікке арналған гараж, байланыс пункті, асхана, жатын бөлмелер және санитарлық-тұрмыстық орындар қарастырылған.
Жаңа құрылымның ашылуы ауылдардағы өрттер мен төтенше жағдайларға жедел ден қоюға, құтқарушылардың оқиға орнына жету уақытын қысқартуға және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.