Қазақстанда жолаушылар тасымалымен айналысатын 448 компаниядан заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Тексеру барысында кейбір тасымалдаушылардың қауіпсіздік талаптарын тек қағаз жүзінде орындағаны белгілі болды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы хабарлады.
Жыл басынан бері автобус жүргізушілерінің қатысуымен болған жол апаттары 5,9%-ға өскен. Егер өткен кезеңде 606 оқиға тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 644-ке жетті. Жол-көлік оқиғаларынан 24 адам қаза тауып, 955 адам жарақат алған.
Прокуратураның мәліметінше, тексеру кезінде тасымалдаушылардың бірқатарында жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті жағдайлар толық жасалмағаны анықталды.
Атап айтқанда, кейбір компаниялар көлік жөндеуге арналмаған нысандарды жөндеу базасы ретінде көрсеткен. Сондай-ақ бір маманның бірнеше тасымалдаушыда қатар жұмыс істейтіні туралы мәліметтер берілген. Бұған қоса, мерзімі өтіп кеткен сақтандыру полистері де ұсынылған.
Тахографтардың, медицина қызметкерлері мен техникалық мамандардың болуына қатысты талаптардың да кей жағдайда тек формалды түрде орындалғаны белгілі болды.
Заңбұзушылықтарға байланысты 124 тасымалдаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 36 компанияның лицензиясы тоқтатылды. Қалған тасымалдаушыларға қатысты жұмыстар жалғасып жатыр.
Прокуратура анықталған кемшіліктерді толық жоюды бақылауға алды. Ал заң талаптарының сақталуына жауапты лауазымды тұлғалар әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.