Құрылтайдың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Жоғарғы Сотта көшпелі отырыс өткізіп, еліміздегі сот реформасының нәтижелері мен сот жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылады. Qandastar.kz сайты хабарлады.
Жиында комитет төрағасы Үнзила Шапақ сот төрелігінің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау, судьялардың тәуелсіздігін нығайту және цифрлық технологияларды енгізу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Оның айтуынша, әкімшілік әділет жүйесі енгізілгелі бері мемлекеттік органдарға қарсы сотқа жүгінген азаматтар мен кәсіпкерлердің жеңіске жету көрсеткіші 15 пайыздан 58 пайызға дейін өскен.
Сонымен қатар апелляциялық сатының өкілеттігі күшейтілген. Енді бірінші сатыдағы сот істің мән-жайын дұрыс анықтамаған жағдайда, апелляциялық сот істі қайта қарауға жібермей, оның мәні бойынша шешім қабылдай алады.
Сот жүйесін демократияландыру аясында алқабилер сотының қарауына жататын құқық бұзушылықтар саны 44-ке дейін жеткізілген. Бұдан бөлек, дербес кассациялық соттар құрылып, электронды сот ісін жүргізу мен цифрлық қызметтерді дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.
Кездесу барысында депутаттар кассациялық тәртіппен сотқа жүгіну мүмкіндігін кеңейту, алқабилер сотының құзыретін арттыру, шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл жазаға ауыстыру және электронды бақылау құралдарын қолдану мәселелерін көтерді.
Отырыс соңында депутаттар Жоғарғы Соттың интернет-залымен, Ситуациялық орталығымен және судьялардың цифрлық көмекшілерімен танысты.