Құрылтайда көші-қон заңнамасын жетілдіруге бағытталған заң жобасы бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Жиынға депутат Ләззат Жылқыбаева жетекшілік етіп, оған тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты. Qandastar.kz сайты хабарлады.
Заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Құжат шетелдік инвесторлар мен жоғары білікті мамандарды Қазақстанға тартуға, сондай-ақ шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталған.
Заң жобасындағы негізгі жаңашылдықтардың бірі – шетелдік капиталды, озық технологиялар мен білікті мамандарды тартуға арналған «Алтын виза» институтын енгізу.
Сонымен қатар құжатта ұзақ мерзімді резидент мәртебесін беру, «Алтын визаның» цифрлық куәлігін рәсімдеу және Ішкі істер министрлігінің QazETA платформасы арқылы құжаттарды «бір терезе» қағидаты бойынша онлайн тапсыру тетіктері қарастырылған.
Заң жобасы көші-қон рәсімдерін жеңілдетуге, цифрлық қызметтерді дамытуға және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.