Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда апатты үйлерді жаңарту жұмыстары баяу жүріп жатыр

Бақытжан Мұса 16 қаралым
Құрылтай
Құрылтай

Қазақстандағы апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңарту жұмыстарының баяу жүргізілуіне байланысты депутат Үкіметке бірқатар ұсыныс енгізді. Бұл мәселені Мәжілісте депутаттық сауал жолдаған «Әділет» партиясының мүшесі Әмірбек Оспанбеков көтерді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.

Депутаттың мәліметінше, республикадағы тұрғын үй қоры 61 367 көппәтерлі тұрғын үйден тұрады. Оның ішінде 1 037-сі апатты жағдайда болса, 3 447-сінің тозығы жеткен.

Бұл көрсеткіштер мыңдаған тұрғынның қауіпсіздігіне қатысты мәселенің өзектілігін көрсетеді. Депутат реновация жұмыстарының қарқынына да назар аударды. Оның айтуынша, соңғы жылдары жүргізілген жаңарту жұмыстары тұрғын үй қорының небәрі 0,3 пайызын қамтыған. Сонымен қатар реновация бағдарламалары барлық өңірде бірдей іске қосылмаған.

Осыған байланысты Әмірбек Оспанбеков Үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, реновация жобаларының орындалуын бақылау үшін Үкімет жанынан Құрылтай депутаттары мен өңірлік әкімдіктердің қатысуымен арнайы комиссия құру ұсынылды.

Сондай-ақ депутат апатты және тозығы жеткен үйлердің тұрғындарын көшіру мерзімдерін нақтылайтын бірыңғай жол картасын бекітуді ұсынды. Бұдан бөлек, реновация бағдарламаларының тиімділігін бағалайтын көрсеткіштер енгізіп, әкімдіктердің жұмысын рейтинг арқылы бақылау қажеттігін атап өтті.

Депутаттың пікірінше, апатты тұрғын үйлерде тұру өрт және басқа да төтенше жағдайлар кезінде адам өміріне қауіп төндіреді. Әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін бұл мәселені жедел шешу қажет.

Бөлісу: Telegram WhatsApp