Қазақстанда некені бұзу үшін қай органға жүгіну керектігі ерлі-зайыптылардың ортақ кәмелетке толмаған балаларының бар-жоғына, екі тараптың келісіміне және мүлікке қатысты даудың болуына байланысты. Қандай жағдайда АХАТ-қа, ал қашан сотқа жүгіну керектігін білу азаматтарға рәсімді дұрыс бастауға мүмкіндік береді. Бұл туралы қазақстандық заңгер, құқықтанушы ғалым, философия докторы (PhD) және заң ғылымдарының магистрі Мақсатов Нұржан Ришатұлы өзінің Instagram парақшасында айтты, дейді Qandastar.kz.
АХАТ арқылы ажырасуға бола ма?
Егер ерлі-зайыптылардың ортақ кәмелетке толмаған балалары болмаса, екеуі де ажырасуға келіссе және бір-біріне мүліктік немесе өзге талаптары болмаса, некені сотқа бармай-ақ тіркеуші органда бұзуға болады.
Бұл жағдайда ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші беріледі. Қызметті электронды түрде де алуға мүмкіндік бар. Қажетті құжаттар мен рәсімнің нақты тәртібі eGov порталында көрсетіледі.
Әдетте қажет болатын негізгі құжаттар:
жеке басын куәландыратын құжат;
некені бұзу туралы өтініш;
неке туралы мәліметтер;
мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат.
АХАТ арқылы некені бұзу өтініш берілгеннен кейін бірден рәсімделмейді. Заңда белгіленген мерзім сақталады.
Қандай жағдайда сотқа жүгіну керек?
Некені бұзу сот тәртібімен жүргізіледі, егер:
ерлі-зайыптылардың ортақ кәмелетке толмаған балалары болса;
жұбайлардың бірі ажырасуға келіспесе;
жұбайлардың бірі екіншісінің келісімі болғанына қарамастан, некені бұзудан жалтарса;
ерлі-зайыптылар арасында мүліктік немесе басқа да талаптар болса.
Сотқа талап арыз берген кезде некені бұзумен бірге балалардың кіммен тұратыны, алимент өндіру, баламен қарым-қатынас жасау тәртібі немесе ортақ мүлікті бөлу сияқты мәселелерді де қоюға болады.
Егер ерлі-зайыптылар бұл мәселелер бойынша өзара келісімге келген болса, келісімді соттың қарауына ұсына алады. Келіспеушілік болған жағдайда тиісті мәселелерді сот шешеді.
Сот қанша уақыт қарайды?
Заң бойынша некені бұзу туралы сотқа өтініш берілген күннен бастап кемінде бір ай өткеннен кейін неке бұзылуы мүмкін. Ерекше жағдайларда сот бұл мерзім аяқталғанға дейін де некені бұзуға құқылы.
Егер ерлі-зайыптылардың бірі ажырасуға қарсы болса, сот татуласуға мүмкіндік беру үшін істі кейінге қалдырып, алты айға дейін мерзім белгілей алады. Татуласу нәтиже бермесе және тараптардың бірі некені бұзуды талап етсе, неке бұзылады.
Балалар мен алимент мәселесі қалай шешіледі?
Ажырасу кезінде ата-аналар баланың кіммен тұратынын, екінші ата-ананың баламен қарым-қатынас жасау тәртібін және алимент төлеу мәселесін өзара келісім арқылы анықтай алады.
Егер келісім болмаса, бұл мәселелерді сот шешеді. Сот кәмелетке толмаған баланың қай ата-анасымен тұратынын және алиментті кім төлейтінін анықтай алады.
Маңыздысы — алимент талап ету үшін міндетті түрде ажырасуды күтудің қажеті жоқ. Алимент туралы талап некеде тұрған кезде де қойылуы мүмкін.
Ортақ мүлік қалай бөлінеді?
Некеде тұрған кезде алынған мүлік, заңда өзгеше көзделмесе, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі болып саналады.
Мүлікті бөлу туралы талапты ажырасу туралы талаппен бірге беруге немесе кейін жеке талап ретінде қаратуға болады. Мүлікке қатысты дау туындаса, мәселе сот тәртібімен шешіледі.
Ажырасу қашан заңды түрде аяқталды деп есептеледі?
АХАТ арқылы ажырасқан жағдайда неке некенің бұзылғаны мемлекеттік тіркелген күннен бастап тоқтатылады.
Ал сот арқылы ажырасқанда неке сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылған болып есептеледі.
Сондықтан азаматтар ажырасу туралы шешім қабылдаған кезде тек некені бұзу мәселесін ғана емес, балалардың тұрғылықты жері, алимент, мүлік және басқа да құқықтық мәселелерді алдын ала анықтап алғаны жөн.
Некені бұзу туралы қызметтердің тәртібі мен қажетті құжаттардың толық тізімін eGov.kz порталынан тексеруге болады.