Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда балалардың онлайн ойындары мен интернеттегі саудасына бақылау күшейеді

Малика Хамит
Қазақстанда балалардың онлайн ойындары мен интернеттегі саудасына бақылау күшейеді

Қазақстанда балаларға арналған онлайн ойындар мен маркетплейстерге бақылау күшейтілуі мүмкін, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Енді цифрлық өнімдер арнайы тексеруден өтіп, ата-аналарға балалардың интернеттегі әрекетін бақылауға мүмкіндік беретін жаңа тетіктер енгізу ұсынылды.

Бұл туралы Құрылтайдың үкіметтік сағатында вице-спикер Динара Закиева мәлімдеді.

Оның айтуынша, «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Құжат балаларды интернеттегі зиянды контенттен, алаяқтықтан және өзге де цифрлық қауіптерден қорғауға бағытталған.

Жаңа заң жобасында қандай өзгерістер бар?

Онлайн ойындарға талап күшейеді. Ойындарда ішкі сатып алулар, басқа пайдаланушылармен хат алмасу және байланыс орнату мүмкіндіктері туралы арнайы ескерту болуы тиіс.

Қосымшалар мен ойындар тексеріледі. Уәкілетті орган цифрлық өнімдердің талаптарға сәйкестігін бақылап, заң бұзушылық анықталса, оларға қолжетімділікті шектеу, бұғаттау немесе жою шараларын қолдана алады.

Маркетплейстерге де жаңа талап қойылады. Балалардың электрондық сауда алаңдарында тауар сатып алу кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктері енгізілмек.

Ата-ана бақылауы пайда болады. Барлық цифрлық платформаларда ата-аналарға арналған арнайы бақылау құралдарын енгізу ұсынылып отыр.

Балаларға ID картасы берілуі мүмкін. Фотосуреті бар жеке карта баланың жеке басын анықтауға, мемлекеттік қолдау шараларын үйлестіруге және кәмелетке толғанға дейінгі құқықтарын қорғауға көмектеседі.

Тағы бір ерекшелігі – бұл заң жобасы AI-Quryltai зияткерлік платформасының көмегімен әзірленген алғашқы құжат. Алайда жасанды интеллект ұсынған барлық бастаманы депутаттар қосымша тексеріп, пысықтаған.

Айта кетейік, әзірге бұл – заң жобасында ұсынылған бастамалар. Олардың күшіне енуі заңнамалық рәсімдерден өтуіне байланысты.

Бөлісу: Telegram WhatsApp