Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда дәрігерлерді интернеттегі қудалаудан заңмен қорғау ұсынылды

Бақытжан Мұса
Құрылтай
Құрылтай

Қазақстанда медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау, кәсіби мәртебесін нығайту және медициналық көмектің сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Бұл мәселелер «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі: өңірлік тәжірибе және жүйелі шешімдер» тақырыбында өткен республикалық дөңгелек үстелде қаралды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Жиынға Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен еліміздің барлық өңірінен келген медицина қауымдастығының мүшелері қатысты.

«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов медицина қызметкерлерінің құқықтық мәртебесін нығайту әрбір азаматқа сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсетудің маңызды шарты екенін атап өтті. Сондай-ақ ол заң шығарушылар, мемлекеттік органдар мен медицина қауымдастығы арасында ашық диалог орнатудың маңыздылығына тоқталды.

Заң жобасының бастамашысы депутат Дана Медеуова бұған дейін медицина қызметкерлерімен сараптамалық кездесулер мен сауалнамалар өткізілгенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі талқылаудың негізгі мақсаты – өңірлердегі дәрігерлердің ұсыныстарын тыңдап, оларды заң жобасында ескеру.

Жиында медицина саласындағы кадр тапшылығы, жас мамандарды қолдау, дәрігерлердің еңбек жағдайын жақсарту және кәсіби беделін қорғау мәселелері көтерілді.

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Талғар Әбілов медицина кадрларының тапшылығын шешу қажеттігін айтса, Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді ауруханасының онкологиялық орталығының өкілі Ермек Әбдіримов медицина қызметкерлерінің қоғамдағы беделін арттыруға және еңбегін лайықты бағалауға назар аударды.

Шығыс Қазақстаннан келген жоғары санатты акушер-гинеколог Надира Слямханова дәрігерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және қоғамда медицина мамандығына құрмет қалыптастыру маңызды екенін жеткізді.

Алматылық сарапшы Айгүл Шалбаева медицина қызметкерлерін негізсіз сыннан және интернеттегі қудалаудан заң жүзінде қорғау туралы ұсыныс білдірді.

Талқылау барысында дәрігерлердің кәсіби дербестігі мен жауапкершілігін бағалау мәселесі де қозғалды. «Әділет» партиясының Қостанай облыстық филиалы жанындағы өңірлік кеңестің төрайымы Татьяна Булгацевич дәрігердің медициналық көмек көрсету кезінде өз білімі мен тәжірибесіне сүйене отырып, дербес шешім қабылдау құқығын заңмен бекітуді ұсынды.

Астана қаласындағы №5 қалалық емхананың директоры Алтыншаш Табулдина медицина қызметкерлерінің әрекетін сараптау кезінде әділдік қағидатын сақтау қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай бағалауға тиісті сала мамандары қатысуы керек. Сонымен қатар дәрігердің жауапкершілігін анықтағанда оның жеке әрекетімен қатар медициналық көмек көрсетілген жағдайлар мен денсаулық сақтау жүйесіндегі ұйымдастырушылық мәселелер де ескерілуі тиіс.

Жиынға қатысушылар медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен құқықтық кепілдіктерін нығайтатын заң қабылдау пациенттердің мүддесін қорғауға, медициналық көмектің сапасын арттыруға және халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін күшейтуге ықпал ететінін айтты.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша медицина мамандарының ұсыныстары жинақталып, заң жобасын одан әрі пысықтау кезінде ескерілетіні белгілі болды. Депутат Дана Медеуова денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған заңды мүмкіндігінше тезірек қабылдау қажеттігін атап өтті.

Бөлісу: Telegram WhatsApp