Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда дәрігерлерді қорғайтын жаңа заң қабылдануы мүмкін

tursynhan 56 қаралым
Фото: magnific.com
Фото: magnific.com

Құрылтайдың жалпы отырысында «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Дана Медеуова дәрігерлердің құқығын қорғау мәселесін көтерді, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Ол «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі және қызметінің кепілдіктері туралы» заң жобасын әзірлеуді ұсынды.

Депутат сауалын Премьер-министр Олжас Бектенов пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жолдады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлер беделін көтеруді басты міндет етіп белгілеген. Сондықтан дәрігерлер қауіпсіздігін қатаң бақылау басты назарда тұруы тиіс.

Пандемия денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы ең алдымен кадрларға байланысты екенін көрсетті. Тіпті жабдық пен дәрі болса да, мамансыз жүйе жұмыс істемейді. Сол себепті дәрігер мәртебесі тек әлеуметтік әділеттілік емес, биологиялық әрі ұлттық қауіпсіздік мәселесі болып саналады.

Депутат мәселені жүйелі түрде шешу үшін төрт негізгі бағытты ұсынды. Біріншіден, еңбекақы жүйесі икемді болып, маманды артық бюрократия мен есептерден босатуы керек. Дәрігер қағаз толтырмай, тек емдеумен айналысуы тиіс.

Екіншіден, «врач» пен «дәрігер» атаулары заңмен қорғалуы қажет. Бұл сөздердің артында арнайы білім, расталған біліктілік пен кәсіби қызмет құқығы тұруы шарт.

Үшіншіден, кадр тапшылығына объективті баға беру керек. Жаңа мамандарды тартумен қатар, бұрыннан жұмыс істейтін кадрларды сақтап қалу маңызды.

Төртіншіден, ұлттық қауіпсіздікке қатер төнгенде дәрігер жылдам әрі дербес әрекет ете алуы тиіс. Бұл үшін оған анық өкілеттік пен кәсіби шешімдерін құқықтық қорғау қажет.

Дана Медеуова білікті маман даярлауға 10 жыл уақыт кететінін атап өтті.

Пандемияның бізге берген басты сабағы – медициналық жабдықты сатып алуға болады, дәрі-дәрмекті өндіруге немесе басқа елдерден алдыртуға болатыны, алайда, елге қауіп төнгенде, ақ халатты абзал жандарсыз қауқарсыз екендігіміз. Білікті дәрігерлерді даярлауға он жыл көлемінде уақыт қажет. Ал, дайын дәрігерді осал жүйе бір күннің ішінде жоқ қылуы мүмкін. Біздің міндетіміз – дәрігерлердің төмен жалақы салдарынан мамандықтарын тастап кетпеуіне және азаматтарымыздың игілігі үшін еңбек етуіне жағдай жасау
деді ол.
Бөлісу: Telegram WhatsApp