Қазақстанда 2027 жылғы егіс науқанына дайындық жұмыстары биылдан басталады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов шаруаларды алдын ала қаржыландыруды тапсырды.
Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қажетті қаржыны уақытында берудің маңызын атап өтті. Осыған байланысты «Бәйтерек» холдингіне диқандарды ерте қаржыландыруды қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Сонымен қатар өңірлерге минералды тыңайтқыштарды пайдалану, сапалы тұқым үлесін көбейту және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бойынша жұмыстарды күшейту тапсырылды.
Биылғы егінді қабылдау мен сақтау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінбек.
Әсіресе Жамбыл және Жетісу облыстарындағы қант қызылшасын қабылдау жұмыстары бақылауда болады. Әкімдіктер қант зауыттары мен қабылдау пункттерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуі керек. Негізгі мақсат – жиналған өнімнің ұзақ кезекте тұрып қалуына және бүлінуіне жол бермеу.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге егін жинау аяқталғанға дейін жағдайды тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды. Туындаған мәселелер Үкімет жанындағы жедел штабта қаралады.