Қазақстанда жылыту маусымы әзірге штаттық режимде өтіп жатыр. Қазір тұтынушылар электр және жылу энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етілген, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, еліміздің энергетикалық нысандары қысқы кезеңге дайындалу үшін ауқымды жөндеу жұмыстарынан өткен. Атап айтқанда, электр стансаларында 8 энергоблок, 49 қазандық және 37 турбина жөнделді.
Сонымен қатар өңірлік электр желілеріндегі 17,1 мың шақырым электр желісі мен 444 қосалқы стансаның жұмысы ретке келтірілді. Ал 377 шақырым жылу желісінде жөндеу жұмыстары аяқталған.
Энергетика саласына бөлінетін қаржы да көбейген. Министрдің сөзінше, жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаражат көлемі орта есеппен 27%-ға артқан. Соның нәтижесінде электр стансаларының тозу деңгейі 52%-ға дейін төмендеген. Электр желілерінің тозуы 65,7%, жылу желілерінің тозуы 48% болған.
Тағы бір маңызды көрсеткіш – энергетикалық нысандардағы технологиялық ақаулар саны өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға азайған. Туындаған ақаулар нормативтік мерзімде жойылып жатыр.
Бұдан бөлек, биылғы қаңтар-қазан айларында Қазақстанда 102 млрд кВт·сағат электр энергиясы өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,3%-ға көп.