Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Президент Үкіметке ең төменгі жалақыны көтеру жөнінде тапсырма берді. Жаңа мөлшерлеме 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілуге тиіс.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл өзгеріс 1,8 миллион адамның табысын арттыруға мүмкіндік береді. Олардың қатарында бюджет есебінен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкер бар.
Сонымен қатар келер жылдың басынан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласындағы учаскелік қызмет мамандарының жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл шара 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысын өсіруге мүмкіндік береді.