Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда инфляция баяулап, кәсіпкерлер саны 3,2 миллионға жетті

Малика Хамит 26 қаралым
Қазақстанда инфляция баяулап, кәсіпкерлер саны 3,2 миллионға жетті

Қазақстанда жылдық инфляция төмендеп, кәсіпкерлік субъектілерінің саны артты, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Биыл қыркүйек айының қорытындысы бойынша инфляция 9,3%-ға дейін баяуласа, елдегі кәсіпкерлер саны өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса есептегенде 3,2 миллионға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Азық-түлік бағасы төмендеді

Министрдің айтуынша, жылдық инфляция тамыздағы 9,8%-дан қыркүйекте 9,3%-ға дейін төмендеген. Бұған азық-түлік бағасының өсу қарқынының баяулауы әсер еткен. Қыркүйек айында азық-түлік тауарларының бағасы алдыңғы аймен салыстырғанда 0,1%-ға арзандады.

Инфляцияның баяулауы халықтың нақты табысына да оң әсер еткен. Биыл екінші тоқсанда нақты ақшалай табыстың өсімі 0,7%-ға жетті. Бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 0,1% болған.

Кәсіпкерлер саны 32,5%-ға артты

Елде кәсіпкерлікпен айналысатындардың саны да көбейген. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қосқанда, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 32,5%-ға өсіп, 3,2 миллионға жетті.

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 277 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 34,7 мыңы – заңды тұлға, 242,3 мыңы – жеке кәсіпкер.

Сонымен қатар осы кезеңде 19,7 мың заңды тұлға мен 356 мың жеке кәсіпкер есептен шығарылған. Алайда бұл олардың барлығы кәсібін толық тоқтатты дегенді білдірмейді. Мәселен, жабылған жеке кәсіпкерлердің 20,8%-ы жұмысын жалғастыра отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне көшкен.

Қазір осы режимде 981 мың адам тіркелген. Олардың 807 мыңы алғаш рет салық есебіне тұрған.

Үкіметтің мәліметінше, инфляцияны тежеу және азаматтардың көлеңкелі экономикадан шығуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp