Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда киберқылмысқа қарсы күрес күшейтіледі

Бақытжан Мұса 14 қаралым
Polisia.kz
Polisia.kz

Қазақстанда интернет-алаяқтықпен күресті күшейту мақсатында заңнамалық және ұйымдастырушылық шаралар қолға алынды. Мемлекет басшысы Еуропа Кеңесінің киберқылмысқа қарсы конвенциясын ратификациялау туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.

ІІМ өкілінің айтуынша, өткен және биылғы жылы мемлекеттік органдармен бірлесіп, интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған бірқатар шара жүзеге асырылды. Атап айтқанда, онлайн-қарыз рәсімдеу және SIM-карталарды тіркеу кезінде тұтынушылық кредит беруге қойылатын талаптар күшейтілді.

Сонымен қатар Қазақстан Еуропа Кеңесінің киберқылмысқа қарсы конвенциясына қосылу арқылы оған қатысушы мемлекеттермен жедел байланыс орнатып, ақпарат алмасу мүмкіндігіне ие болады.

Бұдан бөлек, БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясын ратификациялау туралы заң жобасы әзірленіп, Құрылтайдың қарауына ұсынылды.

Жандос Сүйінбайдың сөзінше, қабылданып жатқан шаралар жедел жағдайды тұрақтандыруға және тіркелген интернет-алаяқтық фактілерінің санын азайтуға ықпал еткен.

Ведомство өкілі азаматтарды киберқауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Атап айтқанда, растау кодтары мен аккаунттарға кіру деректерін бөгде адамдарға бермеу қажет. Күдікті қоңырауларға немесе ақша аударымдарына тап болған жағдайда, құқық қорғау органдары мен өз банкіне дереу хабарласу ұсынылады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp