Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда көпқабатты үйлер маңында өрт сөндіру техникасына арналған арнайы алаңдар енгізіледі

Бақытжан Мұса
ТЖМ
ТЖМ

Қазақстанда көпқабатты тұрғын үйлерді салу кезінде өрт сөндіру техникасына арналған арнайы алаңдарды қарастыру талабы енгізілді. Бұл алаңдар төтенше жағдай кезінде құтқарушылардың ғимараттың жоғарғы қабаттарына кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

21 қарашада Астанада Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановтың қатысуымен «Гранд Алатау» тұрғын үй кешенінің аумағында өрт сөндіру техникасына арналған арнайы алаң таныстырылды.

Аталған алаңдар көпқабатты үйлердегі өрт кезінде автосатылар мен автокөтергіштерді ғимаратқа жақын орналастырып, жоғарғы қабаттардағы адамдарды құтқаруға арналған. Себебі тұрғындардың ретсіз қойған көліктері өрт сөндіру техникасының ғимаратқа жақындауына кедергі келтіруі мүмкін.

Жаңа құрылыс талаптарына сәйкес, биіктігі 10-нан 28 метрге дейінгі ғимараттарда өрт сөндіру жолының шетінен қабырғаға дейінгі қашықтық 5–8 метр болуы тиіс. Ал биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарда бұл көрсеткіш 8–10 метрді құрайды. Сонымен қатар арнайы алаңдардың жабыны өрт сөндіру техникасының салмағына төтеп беруі керек.

Қолданыстағы тұрғын үй кешендерінде де осындай алаңдарды ұйымдастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. ТЖМ өкілдері ПИК пен МИБ басшыларына арнайы жол белгілері мен таңбаларын орнату, өрт сөндіру техникасына арналған орындарды бос ұстау қажеттігін түсіндіруде.

Айта кетейік, көлік құралдарын тоқтату және тұраққа қою қағидаларын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

ТЖМ тұрғындарды көпқабатты үйлердің кіреберіс жолдарын бөгемеуге және өрт сөндіру техникасына арналған алаңдарға көлік қоймауға шақырды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp