Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар көптеп бой көтереді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы жылдары еліміздің барлық өңірінде балабақша, мектеп, емхана, спорт кешені, театр, әуежай, вокзал және жолдар салынады. Сонымен қатар оңалту мекемелері мен жастарға арналған шығармашылық орталықтары ашылады.
Бұдан бөлек, атом, су және жылу электр стансалары, деректерді өңдеу орталықтары бой көтермек. Президент бұл жобалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ауқымды құрылыстарды жүзеге асыру үшін білікті мамандар қажет. Осыған байланысты Тоқаев жоғары білім беру жүйесі мен ғылым саласына да үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты. Оның пікірінше, цифрлық экономика, логистика және жасанды интеллект бағыттарына қажетті жаңа мамандар даярлау маңызды.