Қазақстанда онлайн-казиноларға төлем қабылдау үшін өзге адамдардың банк шоттарын пайдаланған екі қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, олардың бірі арқылы 500 млн теңге, ал екіншісі арқылы 9,8 млрд теңгеден астам ақша айналымы жүргізілген.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтарының атына банк шоттарын ашып, SIM-карталар рәсімдеген. Кейін банк қосымшалары орнатылған телефондарды ақша қозғалысын басқаратын адамдарға берген.
Қылмыстық топтар ойыншылардан төлем қабылдау және ұтыстарды аудару үшін арнайы P2P платформасын пайдаланған. Өзара есеп айырысу кезінде криптовалюта да қолданылған.
Алматы мен Түркістан облысындағы операция
Құқық қорғау органдары Қазақстан банктерінің 89 картасын пайдаланған топтың әрекетін тоқтатты. Операция барысында Өзбекстанның үш азаматы ұсталып, банк шоттарын басқаруға арналған 20 телефон тәркіленді. Бұл карталар арқылы өткен ақшаның жалпы көлемі 500 млн теңгеге жеткен.
Тараз бен Алматыдағы тағы бір желі
Жамбыл облысында да бірнеше елде әрекет еткен екінші топ анықталды. Оның мүшелері Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарын, соның ішінде кәмелетке толмағандарды тартып, өзге адамдардың банк шоттары арқылы ақша айналымын ұйымдастырған.
Тінту кезінде 180 банк картасы, 15 телефон, 26 SIM-карта, 50 мың АҚШ доллары, 27 мың USDT, төрт автокөлік, сондай-ақ қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленді.
Бұл топ пайдаланған банк карталары арқылы жүргізілген операциялардың көлемі 9,8 млрд теңгеден асқан.
Сот бес күдіктіні қамауға алуға санкция берді. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.