Астанада Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов «Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» республикалық профилактикалық науқанына ресми түрде бастау берді. Іс-шара еліміздің барлық өңірін қамтиды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Науқан аясында елордадағы Көктал тұрғын алабында құтқарушылар әкімдік, полиция және газ қызметінің өкілдерімен бірлесіп, тұрғын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Мамандардың ерекше назарында зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар және қосымша қолдауды қажет ететін азаматтар бар. Үй-үйді аралау барысында жылыту жүйелері тексеріліп, мұржалар тазартылып, тұрғын үйлерге өрт дабылы датчиктері орнатылуда.
Профилактикалық науқанның басты мақсаты – тұрмыстық өрттердің алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және адам өмірін сақтау.
Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылып отыр.