Қазақстанда отбасылардың әлеуметтік жағдайы тек табыс көлеміне қарап анықталмайды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Отбасының жұмыспен қамтылуы, баспанасы, мүлкі, несиелері мен жинақтары да ескеріледі. Осы көрсеткіштерге қарай отбасылардың әл-ауқаты бағаланып, көмекке мұқтаж азаматтар анықталады.
C санаты – тұрмысы орташа отбасылар
Бұл санатқа табысы орташа, күнделікті тұрмыс жағдайы қанағаттанарлық отбасылар жатады. Олардың негізгі қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндігі бар.
D санаты – қаржылық қиындыққа тап болған отбасылар
Мұндай отбасылардың табысы төмен болуы мүмкін. Кейбірінің тұрақты жұмысы немесе жеке баспанасы жоқ. Бұған қоса, мерзімі өткен несиелері мен материалдық жағдайын қиындататын өзге де мәселелері болуы ықтимал.
E санаты – мемлекеттік қолдауды бірінші кезекте қажет ететін отбасылар
Бұл санатқа бір мезгілде бірнеше әлеуметтік және қаржылық қиындыққа тап болған отбасылар кіреді. Олардың табысы кедейлік шегінен едәуір төмен болуы, тұрақты жұмысы мен баспанасы болмауы мүмкін. Сондай-ақ мүлкі мен жинағы жоқ, несиелерін өтеуде қиындықтарға тап болған отбасылар да осы санатқа жатуы ықтимал.
Отбасының санаты қалай анықталады?
Отбасының әлеуметтік жағдайын бағалау кезінде 50-ден астам өлшемшарт ескеріледі. Олардың қатарында:
- отбасының табысы мен жұмыспен қамтылуы;
- тұрғын үй жағдайы;
- мүлкі мен көлігінің болуы;
- несиелері мен жинақтары;
- жеке кәсіпкерлігінің болуы;
- жер учаскесі мен жеке қосалқы шаруашылығы;
- отбасының жалпы әлеуметтік жағдайы бар.
Бұл мәліметтер Отбасының цифрлық картасы арқылы талданады. Сондықтан отбасының санаты бір ғана көрсеткішке сүйеніп белгіленбейді.
Маңыздысы – отбасының жағдайы өзгерсе, оның санаты да қайта қаралуы мүмкін. Яғни табысы, жұмысы немесе тұрмыс жағдайы өзгерген кезде әлеуметтік мәртебесі де жаңартылуы ықтимал.