Қазақстанда отбасылардың тұрмыстық жағдайы тек табыс көлеміне қарап анықталмайды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Олардың баспанасы, көлігі, бизнесі, жер учаскелері және басқа да мүлкі ескеріледі.
Әл-ауқат деңгейіне қарай отбасылардың бірі А санатына — әл-ауқаты жоғары отбасыларға, ал екіншісі Б санатына — ауқатты отбасыларға жатқызылуы мүмкін.
А санатына кімдер кіреді?
Бұл санатқа әр отбасы мүшесіне шаққандағы табысы 7 күнкөріс минимумынан асатын, кең әрі қымбат жылжымайтын мүлкі, люкс санатындағы көлігі, бизнесі немесе басқа да активтері бар отбасылар жатады.
Ал Б санатына ше?
Бұл санаттағы отбасылардың әр мүшесіне шаққандағы табысы 6–7 күнкөріс минимумы аралығында болады. Сонымен қатар олардың жайлы баспанасы, премиум санатындағы көлігі, кәсіпкерлігі немесе басқа да мүлкі болуы мүмкін.
Отбасының санаты қалай анықталады?
Бір ғана қымбат көліктің немесе жылжымайтын мүліктің болуы отбасын автоматты түрде белгілі бір санатқа қосуға негіз болмайды.
Отбасының жағдайы Отбасының цифрлық картасы арқылы 50-ден астам көрсеткіш бойынша бағаланады. Олардың қатарында табыс деңгейі, жұмыспен қамтылуы, мүлкі, несиелері және әлеуметтік жағдайы бар.
Сонымен бірге отбасының әл-ауқат санаты өзгеріссіз қалмайды. Егер табысы немесе тұрмыстық жағдайы өзгерсе, санаты да қайта қаралуы мүмкін.