Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда құны 1,6 млрд доллар болатын аммиак-карбамид кешені салынады

Бақытжан Мұса
Үкімет
Үкімет

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев отандық және шетелдік компаниялардың басшыларымен кездесіп, мұнай-газ және химия өнеркәсібіндегі инвестициялық жобаларды талқылады, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Кездесулер барысында шикізатты терең өңдеу, еліміздің ресурстық әлеуетін кеңейту және заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне басымдық берілді.

Атап айтқанда, «China Wuhuan Engineering» компаниясы мен «ҚазАзот» АҚ басшылығымен өткен кездесуде Маңғыстау облысында аммиак-карбамид кешенін салу жобасы қаралды.

Жобаның жалпы құны шамамен 1,6 млрд долларды құрайды. Кәсіпорын жылына 660 мың тонна аммиак, 577,5 мың тонна карбамид және 500 мың тонна аммиак селитрасын өндіруге қауқарлы болады.

Аталған жобаны жүзеге асыру отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және химия өнеркәсібінің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

Бұдан бөлек, «Саутс-Ойл» ЖШС мен «ADIB Holdings» қаржы тобының өкілдерімен Қарағансай учаскесіндегі дәстүрлі емес көмірсутектерді игеру мәселелері талқыланды.

Қазіргі уақытта жоба аясында қабатты көпсатылы гидравликалық жару технологиялары қолданылып, екі көлденең ұңғыма бұрғыланған. Жалпы алғанда, 10 ұңғыма бұрғылау жоспарланып отыр.

Келіссөздерде қосымша инвестиция тарту, тақтатас мұнайын өндіру технологияларын жетілдіру және Қазақстан аумағында ілеспе өндірістерді дамыту мәселелеріне назар аударылды.

Кездесулер қорытындысында Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметтің озық технологияларды енгізуге, отандық өнеркәсіпті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған инвестициялық жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp