Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда құрылыс қарқыны бойынша Ұлытау облысы көш бастады

Малика Хамит
Қазақстанда құрылыс қарқыны бойынша Ұлытау облысы көш бастады

Ұлытау облысында құрылыс жұмыстарының көлемі бір жылда екі еседен астам артты, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Өңір бұл көрсеткіш бойынша Қазақстанның барлық облысы мен республикалық маңызы бар қалаларын басып озып, бірінші орынға шықты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–қазан айларында Ұлытау облысындағы құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 227,3%-ды құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда құрылыс көлемі екі еседен астам өскенін білдіреді. Ал республика бойынша орташа өсім небәрі 13,1% болды.

Осы он айда өңірде жалпы құны 289,5 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары орындалған. Өсу қарқыны бойынша Ұлытау облысы ең жақын бәсекелесі Қызылорда облысынан да айтарлықтай алда тұр.

Салыстырмалы түрде айтсақ, Қызылорда облысында құрылыс көрсеткіші 30,5%-ға, Атырау облысында 25,7%-ға, Павлодар облысында 23,8%-ға өскен. Алматы қаласында бұл көрсеткіш 23,1%-ды құрады.

Ұлытау облысында құрылыс саласындағы серпін қазан айында да байқалды. Бір айдың өзінде 24 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29,5%-ға артқан.

Өңірде қандай нысандар салынып, жаңартылады?

Ұлытау облысында құрылыс жұмыстары тек өндірістік нысандармен шектелмейді. Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында тұрғындардың демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуіне арналған қоғамдық кеңістіктер жаңартылып, әлеуметтік инфрақұрылым дамып келеді.

Бұл бағытта «Қазақмыс корпорациясы» да бірқатар жобаны қаржыландырып отыр. Компания мен облыс әкімдігі арасындағы меморандум аясында Кеңгір су қоймасының жағалауын жаңғырту, «Жастар» саябағын абаттандыру, С. Қожамқұлов атындағы театрды күрделі жөндеу, Ұлытау университетінің инфрақұрылымын дамыту және Сәтбаев қаласындағы Шахтер даңқы алаңын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған.

Ал 2027 жылы өңірде бірқатар ірі әлеуметтік нысанның құрылысы басталмақ. Олардың қатарында көпфункционалды конгресс-орталық, футбол стадионы және теннис орталығы бар.

Айта кетейік, Қазақстан бойынша 2026 жылдың қаңтар–қазан айларында жалпы құны 9 трлн теңгенің құрылыс жұмыстары орындалған. Ал осы саладағы өсім қарқыны бойынша Ұлытау облысы ел өңірлері арасында айқын көшбасшыға айналды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp