Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдап, елдегі криминогендік ахуал мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының нәтижесін тыңдады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
ІІМ мәліметінше, биылғы тоғыз айда Қазақстанда қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда 11 мыңнан астам қылмыс аз тіркелген. Аса ауыр қылмыстармен қатар, көшелердегі, қоғамдық орындардағы және отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар да кеміген.
Полиция заманауи криминалистикалық технологияларды, соның ішінде ДНҚ сараптамасын қолдану арқылы бұрын жасалған қылмыстарды да ашып жатыр. Соңғы жылдары 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылған.
Құқық қорғау органдарына азаматтардың көмегі де артып келеді. Жыл басынан бері тұрғындар, волонтерлер мен қоғамдық көмекшілер ұсынған ақпарат негізінде 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 357 қылмыс ашылған.
Шетелдік құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде іздеуде жүрген 1039 адам анықталған, ал шетелде жасырынған 154 адам ұсталған. Бұдан бөлек, басқа мемлекеттердің сұрауы бойынша Қазақстан аумағында 537 қылмыскер құрықталған.
Тергеу барысында келтірілген залалды өтеу бағытында да нәтиже бар. Жыл басынан бері қылмыстық істер бойынша 49 млрд теңге қайтарылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 22,5 пайызға көп.
Интернет-алаяқтықпен күресте де көрсеткіш төмендеген. Мұндай қылмыстардың саны 21 пайызға азайып, зардап шеккен азаматтарға 6,5 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылған. Полиция 8,7 мың алаяқтық және фишингтік сайтты, сондай-ақ 187 млн алаяқтық қоңырауды бұғаттаған.
Цифрлық технологиялар жол қауіпсіздігіне де қолданылып жатыр. Нәтижесінде жол-көлік оқиғалары 5 пайызға, қаза тапқандар саны 16 пайызға, жарақат алғандар саны 7 пайызға азайған.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті одан әрі күшейтуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.