Қазақстанда сарбаздың әскери ант қабылдау кезінде есінен танып қала жаздаған видеосы тарады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Әлеуметтік желілерде әскери ант қабылдау рәсімі кезінде өзін жайсыз сезінген сарбаздың видеосы қайтадан жарияланып жатыр. Алайда бұл кадрлар қазіргі жағдайға қатысы жоқ. Оқиға 2024 жылы Аягөз гарнизонында болған.
Қорғаныс министрлігінің түсіндіруінше, сарбаз қатты толқығандықтан өзін жайсыз сезінген. Оған медициналық көмек дер кезінде көрсетілген, денсаулығына қауіп төнбеген.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының мәліметінше, видеодағы әскери қызметші мерзімді әскери қызметін толық аяқтап, запасқа шығарылған.
Осылайша, екі жыл бұрын түсірілген видео әлеуметтік желілерде қайта таралып, жұртшылықты жаңылыстыруы мүмкін.
Мамандар блогерлер мен жаңалықтар пабликтерін ақпарат жарияламас бұрын оның уақыты мен шынайылығын тексеруге шақырды. Ал көрінеу жалған ақпаратты қасақана тарату заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.