Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған медициналық нысандардың құрылысы қолға алынады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Ел бойынша сегіз заманауи перинаталды орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Президент мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір Қазақстанда жеті миллионға жуық бала тұрады. Бұл – ел халқының 34 пайызы. Жыл сайын елімізде 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Халық санының өсуіне байланысты денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту қажеттігі артып отыр.
Жаңа балалар ауруханалары Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей және Ақтау қалаларында салынады. Сонымен қатар Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтереді.
Президент медициналық инфрақұрылымды дамытуға бюджет қаражатымен қатар, жеке инвестицияларды да тарту қажет екенін атап өтті. Ол үшін мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясындағы жобаларды тиімді жүзеге асыру маңызды.
Мемлекет басшысы тиісті рәсімдерді негізсіз созбай, шешімдерді жедел қабылдауды тапсырды.