Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда велоспортпен 9 мыңнан астам адам айналысады

Бақытжан Мұса
UKIMET
UKIMET

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) президенті Давид Лаппартьенмен кездесті. Тараптар Қазақстанда велоспортты дамыту, кәсіби спортшылар даярлау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Qandastar.kz сайты хабарлады.

Кездесу барысында еліміздегі спорт инфрақұрылымының мүмкіндіктері мен велосипед спортының қазіргі жағдайы сөз болды. Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты және спорт нысандарын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 9 мыңнан астам адам велосипед спортымен жүйелі түрде айналысады. Олардың қатарында балалар мен жастар да бар. Спортшылардың дайындығы үшін Астанада әлемдік деңгейдегі «Сарыарқа» велотрегі және өңірлерде мамандандырылған спорт мектептері жұмыс істейді.

Елімізде велоспорттың төрт бағыты дамып келеді. Олар: тас жолдағы жарыс, тректегі жарыс, маунтинбайк және BMX. Тас жолдағы велоспорт 9 өңірде, трек пен тау велосипеді 5 өңірде, ал BMX 4 өңірде дамыған.

Олжас Бектенов Қазақстанның велоспорт саласындағы халықаралық әріптестікті жоғары бағалайтынын жеткізді. Сондай-ақ Александр Винокуров, Алексей Луценко және жас спортшы Әнел Ташбай секілді отандық велошабандоздардың жетістіктерін атап өтті.

Өз кезегінде Давид Лаппартьен Қазақстанды Азиядағы велоспорттың жетекші елдерінің бірі деп атады. Оның айтуынша, қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда, соның ішінде Азия ойындарында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Сонымен қатар ол Astana XDS командасының әлемдік велоспорттағы орнын атап өтіп, UCI-дің Қазақстанда осы спорт түрін одан әрі дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Кездесу соңында тараптар велоспортты дамыту және оны халықаралық деңгейде насихаттау бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.

Бөлісу: Telegram WhatsApp