Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда «жалған терроризм» үшін жеті жасөспірім жауапқа тартылды

Малика Хамит
Қазақстанда «жалған терроризм» үшін жеті жасөспірім жауапқа тартылды

Қазақстанда терроризм актісі туралы жалған хабар таратқаны үшін жыл басынан бері 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Олардың жетеуі – кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі ескертті.

Полицияның мәліметінше, кейбір адамдар жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарламаларды әзіл немесе жұрттың назарын аудару амалы деп қабылдайды. Алайда мұндай «қалжыңның» соңы қылмыстық жауапкершілікке ұласуы мүмкін.

Жалған хабарлама түскен жағдайда мектептер, ауруханалар мен басқа да мекемелерден адамдар эвакуацияланады. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар және арнайы қызметтер жіберіледі. Соның салдарынан жүздеген адамның жұмысы тоқтап, мемлекет қомақты қаражат жұмсайды.

ІІМ мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салды. Заң бойынша кінәлілер бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар олар шұғыл қызметтердің жұмысына жұмсалған шығынды өтеуге міндеттеледі.

Министрлік ата-аналарды балаларының интернеттегі әрекеттеріне назар аударуға шақырды. Ал азаматтарға тексерілмеген ақпаратты таратпауға және күмәнді хабарламалар туралы бірден құқық қорғау органдарына хабарлауға кеңес берді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp