Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді азаматтардың нақты мұқтаждығына қарай тағайындаудың жаңа тәсілдері сынақтан өтеді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Пилоттық жоба 2027 жылдың 11 қаңтарында басталады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Жоба аясында әл-ауқаты жоғары және ауқатты санатқа жатқызылған отбасыларға берілетін әлеуметтік төлемдер қайта қаралады. Атап айтқанда, жалпы саны 36 әлеуметтік төлемнің 12 түрі бойынша жаңа тетіктер сынақтан өткізіледі.
Осы жұмысты үйлестіру үшін министрлік жанынан арнайы жобалық кеңсе құрылады. Оның мамандары ұсынылған өзгерістерді зерттеп, әлеуметтік-экономикалық әсерін саралайды, ықтимал тәуекелдерді бағалайды. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді.
Министрлік жаңа тәсілдерді бірден енгізу жоспарланбағанын атап өтті. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл ретте оның тиімділігі мен заңнамада қарастырылған әлеуметтік кепілдіктердің сақталуы басты назарда болады.
«Мемлекеттік көмек, ең алдымен, оған шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көрсетіліп, бюджет қаражаты қоғам игілігі үшін барынша тиімді пайдаланылуы тиіс», – деп түсіндірді ведомство.
Айта кетейік, жобалық кеңсенің құрамына Президент әкімшілігі, Үкімет аппараты, Құрылтай өкілдері мен сарапшылар кіреді.