Қазақстанда жол сапасына қойылатын талап күшейтіледі. Енді мердігерлер жолдың тез бұзылғаны үшін қатаң жауап беруі мүмкін, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Үкімет автожол саласын реформалауға кірісті. Бұл мәселе Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.
Жолдар неге тез бұзылады?
Жиында асфальттың жарылуы, жол бетінде ойықтардың пайда болуы және жабынның мерзімінен бұрын тозу себептері қаралды. Мамандардың айтуынша, жол салу кезінде өңірдің климаттық ерекшелігі мен көлік қозғалысының нақты жүктемесі ескерілуі керек.
Осыған байланысты қолданыстағы құрылыс нормаларын жаңарту ұсынылды. Сондай-ақ жолдың төзімділігін арттыру үшін жаңа материалдар мен технологияларды енгізу мәселесі көтерілді.
Атап айтқанда, жол құрылысына:
сапалы қиыршықтас пен жақсартылған битум пайдалану;
полимерлі-модификацияланған битумға көшу;
ойықтар мен жарықшақтарға төзімді асфальт қолдану;
жол сапасын бұзбай тексеретін заманауи технологияларды енгізу ұсынылды.
Бұдан бөлек, жол белгілері мен таңбаларының көріну сапасын жақсарту қажеттігі айтылды.
Битум сапасы да өзгереді
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың мәліметінше, битумды тасымалдау және сақтау жүйесіне түгендеу жүргізілген. Оның нәтижесінде өнім сапасын жақсарту, зауыттардың жұмысын біркелкі ұйымдастыру және полимерлі-модификацияланған битум өндірісіне көшу жолдары әзірленген.
Каспий битум және Павлодар мұнай-химия зауыттары қажетті өтінім түскен жағдайда битумның бірнеше маркасын және полимерлі-модификацияланған өнім шығаруға дайын.
Сонымен қатар жол құрылысына арналған Superpave технологиясы мен полимерлі-модификацияланған асфальтбетонды қолдану мәселесі қаралды. Материалдардың сапасын зертханалық тексеру де күшейтілмек.
Жолды бүлдіргендерге бақылау күшейеді
Үкімет жолдардың тез тозуына себеп болатын ауыр жүк көліктеріне қатысты бақылауды да күшейтуді көздеп отыр.
Атап айтқанда, автоматтандырылған өлшеу бекеттерін айналып өтетін көліктерді тіркеу және рұқсат етілген салмақтан артық жүк тасымалдағаны үшін жауапкершілікті арттыру ұсынылды.
Бұл бағыттағы цифрлық бақылау құралдары бірыңғай E-Kolik жүйесіне біріктіріліп жатыр.
Жол саласындағы заңбұзушылықтар анықталды
Кеңесте автожол саласындағы тексерулердің алдын ала қорытындысы да жарияланды.
Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өміралиевтің айтуынша, жолдарды жоспарлау, салу және пайдалану кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталған. Осы фактілер бойынша 33 сотқа дейінгі тергеу басталды.
Алдын ала есеп бойынша, мемлекетке келтірілген залал шамамен 8 млрд теңгені құрайды.
Сонымен қатар негізсіз келісімшарттар мен мемлекеттік сатып алу жоспарларының күшін жою арқылы бюджет қаражатының 36 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік туған.
Тексеру барысында бұрын жөнделген жолдарға қайтадан тендер жариялау жағдайлары да анықталған. Оның ішінде мердігерлердің кепілдік міндеттемесі әлі аяқталмаған нысандар бар.
Реформа қашан дайын болады?
Жиын соңында Олжас Бектенов автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобына қараша айының соңына дейін ұсыныстардың толық пакетін әзірлеуді тапсырды.
Құжатта жол сапасын арттыру, құрылыс материалдарына қойылатын талаптарды жаңарту, жаңа технологияларды енгізу және мердігерлердің жауапкершілігін күшейту мәселелері қамтылуы тиіс.