Қазақстанда коммерциялық жүк көліктері үшін жол ақысын төлеу тәртібі қайта қаралуы мүмкін, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Үкіметте отандық және шетелдік тасымалдаушыларға арналған жаңа тарифтер мен төлем жүйесін енгізу мәселесі талқыланды.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жұмыс тобының алғашқы отырысында жол инфрақұрылымын күтіп ұстау мен жөндеуге жұмсалатын шығынды өтеудің жаңа жолдары қарастырылды.
Жиында бірнеше ұсыныс айтылды. Соның бірі – жүк тасымалдаушы компанияларға жылдық абонемент енгізу. Бұл жүйе бойынша кәсіпорындар белгілі бір шақырымға алдын ала ақы төлеп, жол шығындарын жоспарлай алады.
Сондай-ақ отандық тасымалдаушыларға жеке тариф белгілеу, ал шетелдік жүк көліктеріне мемлекеттік шекарадан өткен кезде сақтандыру тетігін қолдану ұсынылды.
Тағы бір бастама бойынша жол ақысы көліктің экологиялық сыныбына, қоршаған ортаға шығаратын зиянды заттарының көлеміне және жол төсеміне түсіретін салмағына қарай есептелуі мүмкін.
Бұдан бөлек, ақылы жолдардағы жүк көліктерінің қозғалысын цифрлық жүйе арқылы бақылауды күшейту мәселесі де көтерілді. Бұл төлемдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, жол ақысын төлеу талаптарының сақталуына мүмкіндік береді.
Вице-премьер Серік Жұманғарин жол салуға қомақты қаражат бөлінгенімен, оларды күтіп ұстау мен жөндеу шығындары әлі де бюджет есебінен өтеліп келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, жол инфрақұрылымы өзін-өзі қаржыландыра алатын жүйеге көшуі керек.
Айта кетейік, ұсынылып отырған өзгерістер жеке жеңіл автокөлік иелеріне қатысты емес. Негізгі мақсат – коммерциялық жүк көліктерінің жолды пайдаланғаны үшін төлем жасау тәртібін жетілдіру.
Жұмыс тобы ұсыныстарды қарашаның соңына дейін пысықтап, келесі отырыста қарауға тиіс. Әзірге бұл бастамалар талқылау деңгейінде. Тарифтердің нақты мөлшері мен жаңа жүйенің қашан енгізілетіні туралы шешім қабылданған жоқ.