Қазақстанда азаматтарға жұмыс табуға көмектесетін жаңа жүйе іске қосылмақ. Енді Enbek.kz платформасы арқылы жасанды интеллект жұмыс іздеушілерге лайықты бос жұмыс орындарын автоматты түрде ұсынады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Жаңа жүйе азаматтың келісімімен оның білімі, еңбек өтілі мен дағдылары туралы мәліметтер негізінде түйіндеме (резюме) құрастырады. Одан кейін жасанды интеллект үміткердің тәжірибесі мен қабілетіне сәйкес келетін бос жұмыс орындарын іріктеп береді.
Сонымен қатар жұмыс іздеушілер виртуалды көмекшімен байланысып, кәсіби білім алу мүмкіндіктері мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат ала алады.
Азаматтарға көмектесу жұмысына мансап орталықтарының мамандары да тартылады. Олар түйіндеме дайындауға, жұмыс берушілермен байланыс орнатуға және қажетті кеңес беруге қолдау көрсетеді.
Жоба шілде айынан бастап Павлодар және Маңғыстау облыстарында пилоттық режимде жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында 59,2 мың адамға жұмысқа орналасуға көмек ұсынылып, олардың 7,5 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.
Жаңа жүйені жыл соңына дейін бүкіл Қазақстан аумағында іске қосу жоспарланып отыр.