Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда жұмыс іздеушілерге жұмыс орнын енді жасанды интеллект ұсынады

Малика Хамит
Қазақстанда жұмыс іздеушілерге жұмыс орнын енді жасанды интеллект ұсынады

Қазақстанда азаматтарды жұмысқа орналастырудың жаңа тәсілі енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Енді жұмыс іздеген адам мансап орталығына өзі барып, көмек сұрауын күтпей-ақ, мемлекет оған лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады. Бұл үшін жасанды интеллект технологиялары қолданылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасын жүзеге асырып жатыр.

Жаңа жүйе бойынша мемлекеттік ақпараттық базалардағы мәліметтер талданып, жұмыс іздеуі мүмкін азаматтар анықталады. Оларға жұмысқа орналасуға көмек ұсынылады. Бұл қызметті Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы пайдалануға болады.

Азамат келісім берген жағдайда, оның білімі, еңбек өтілі мен кәсіби дағдылары ескеріліп, цифрлық түйіндемесі автоматты түрде жасалады. Ал жасанды интеллект осы мәліметтерге сүйене отырып, адамның біліктілігіне сай бос жұмыс орындарын іріктейді.

Бұдан бөлек, жұмыс іздеушілер ЖИ-көмекшімен ұялы телефон арқылы сөйлесе алады. Диалог барысында өз талаптарын айтып, жұмыс жағдайларын нақтылап, бос орындар, оқу курстары және мемлекеттік қолдау шаралары туралы жеке ұсыныстар алады.

Жұмысқа орналаса алмаса, әрі қарай да көмектеседі

Жаңа жобада тек цифрлық технологияларға ғана емес, мансап орталықтары мамандарының жұмысына да басымдық берілген.

Мамандар азаматтарға түйіндеме дайындауға, бос жұмыс орындарына өтінім беруге және жұмыс берушілермен байланыс орнатуға көмектеседі. Сондай-ақ жұмыс іздеу барысын бақылап, әр кезеңде кеңес береді.

Егер адам жұмысқа орналаса алмаса, оның себебі анықталып, келесі қадамдар бірге жоспарланады. Мысалы, түйіндемесін жетілдіруге, басқа бос орындарды іздеуге немесе жұмыс сұхбатына дайындалуға көмектеседі.

Осы процестерді бақылау үшін мамандарға азаматтарды бекітуге, кеңес беру тарихын жүргізуге және жұмыстың нәтижесін қадағалауға мүмкіндік беретін арнайы цифрлық құралдар енгізіліп жатыр.

Екі облыста 7,5 мың адам жұмысқа орналасты

Жоба 2026 жылдың шілдесінен бастап Павлодар және Маңғыстау облыстарында сынақтан өткізіліп келеді.

Осы уақыт ішінде 59,2 мың азаматқа жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шаралары ұйымдастырылған. Оның ішінде 7,5 мың адам жұмыс тапты.

Министрлік 2026 жылдың соңына дейін жаңа қызметті еліміздің барлық өңіріне кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.

Жобаның басты мақсаты – жұмыс іздеген адамға бір реттік кеңес берумен шектелмей, оны нақты жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу.

Бөлісу: Telegram WhatsApp