Қазақстанда материалдық жағдайы жақсы азаматтар мемлекеттен алатын жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарта алады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Бұл үшін арнайы цифрлық сервис іске қосылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оның қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
Ведомствоның мәліметінше, «Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту» сервисі материалдық әл-ауқаты жоғары және ауқатты санатқа жататын төлем алушыларға арналған. Қызметті eGov Mobile қосымшасы немесе eGov.kz порталы арқылы пайдалануға болады.
Өтінішті үш қадаммен беруге болады:
1. Жүйеге кіру. Алдымен eGov Mobile қосымшасын ашу немесе eGov.kz порталындағы жеке кабинетке кіру қажет. Жүйе азаматтың аты-жөні, ЖСН, туған күні және тіркелген мекенжайы сияқты деректерін автоматты түрде көрсетеді.
2. Бас тартатын төлемді таңдау. Жеке кабинетте алып жүрген барлық жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің тізімі шығады. Азамат солардың ішінен бас тартқысы келетін төлемді белгілейді. Қажет болса, бірден бірнеше төлемнен бас тартуға болады. Содан кейін «Қол қою және жіберу» батырмасын басу керек.
3. Өтінішті растау. Экранда қабылданған шешімді растау туралы хабарлама пайда болады. Егер ойыңыз өзгерсе, өтінішті болдырмауға болады. Ал шешіміңіз нақты болса, «Растау» батырмасын басу жеткілікті. Осыдан кейін өтініштің сәтті жіберілгені туралы хабарлама шығады.
Министрлік бұл қызметті пайдалану азаматтардың өз еркімен қабылдайтын шешімі екенін атап өтті. Яғни ешкім әлеуметтік төлемдерден бас тартуға міндеттемейді.
Сонымен қатар азаматтың материалдық жағдайы өзгеріп, кейін әлеуметтік көмекке мұқтаж болған жағдайда жәрдемақы тағайындау үшін қайта өтініш беруге құқығы бар.
Министрлік алаяқтардан сақ болуға шақырады. Әлеуметтік төлемдерден бас тарту қызметі тек eGov Mobile қосымшасы мен eGov.kz порталында қолжетімді. Сондықтан жеке деректерді күмәнді сілтемелер мен бейресми сайттарға енгізбеу қажет.