Қазақстанда жолаушылар тасымалына арналған жаңа Stadler пойыздары жолға шығады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
5 қарашадан бастап Астана – Алматы және Астана – Семей бағыттары бойынша жаңа вагондардан жасақталған пойыздарға билет сатып алуға болады.
«Жолаушылар тасымалы» компаниясының мәліметінше, алғашқы пойыздар елордадан Алматыға 11 қарашада, ал Семейге 13 қарашада аттанады.
Жаңа құрамдар №3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» және №153/154 «Нұрлы жол – Семей» бағыттарында қатынайды. Олар отандық Stadler Kazakhstan зауытында жасалған заманауи вагондардан жасақталған.
Компания басшылығының айтуынша, жаңа пойыздарды іске қосу Мемлекет басшысының жолаушылар вагондары паркін жаңарту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бүгінге дейін компания 100-ден астам Stadler вагонын қабылдап алған. Оларды кезең-кезеңімен пайдалануға беру жоспарланған.
Жаңа пойыздарда жолаушыларға қандай жағдай жасалған?
Вагондар Қазақстанның климаттық ерекшеліктері мен заманауи қауіпсіздік талаптарын ескере отырып құрастырылған. Купе вагондары 40 адамға, ал плацкарт вагондары 56 жолаушыға арналған.
Жолаушылардың сапарын жайлы ету үшін вагондарда:
ауа температурасын реттейтін жүйе;
әр жолаушыға арналған жеке жарық шамдары;
220 вольттық розеткалар;
USB және USB-C қуаттау ұяшықтары;
бейнебақылау жүйесі қарастырылған.
Бұдан бөлек, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың да сапарға қолайлы жағдаймен шығуына мүмкіндік жасалған. Ал жол үстінде тамақтанғысы келетін жолаушылар буфет вагонынан ыстық тағамдар, сусындар мен жеңіл тіскебасарлар сатып ала алады.
Пойыздардың жүру кестесі қандай?
№3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» пойызы күн сайын қатынайды.
Астанадан сағат 13:10-да шығып, келесі күні 08:30-да Алматыға жетеді.
Алматыдан сағат 12:12-де жөнелтіліп, келесі күні 07:03-те Астанаға келеді.
Ал №153/154 «Нұрлы жол – Семей» пойызы айдың тақ күндері жүреді.
Астанадан сағат 16:40-та шығып, келесі күні 06:10-да Семейге жетеді.
Семейден сағат 15:00-де аттанып, келесі күні 05:05-те Астанаға келеді.
Жаңа пойыздарға билеттерді 5 қарашадан бастап алуға болады.
Айта кетейік, жаңа вагондарды пайдалануға беру Қазақстан үкіметі мен «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Жоба теміржолдағы қауіпсіздікті күшейтіп, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруды көздейді.