Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтаруға қолдау көрсеткені үшін Ресей мен Владимир Путинге алғыс білдірді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Мемлекет басшысы Ресейден жеткізілген Амур жолбарыстарының Қазақстанның табиғи ортасына бейімделіп жатқанын атап өтті. Бұл туралы ол Каспий экологиялық саммитінде айтты.
Тоқаевтың сөзінше, Қазақстанда Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Осы мақсатта Ресей бірнеше Амур жолбарысын жіберген.
Биыл шілдеде Қазақстанда 70 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет жолбарыс табиғат аясына жіберілді. Бұл – еліміздегі сирек жануарларды қайта жерсіндіру бағытындағы маңызды қадам.
Президент сонымен қатар БҰҰ Даму бағдарламасына, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорына және басқа да халықаралық серіктестерге алғыс айтты.
Бұдан бөлек, Қазақстан Чехия, Германия және Мажарстанмен бірлесіп, Пржевальский жылқыларын қазақ даласына қайта жерсіндіру жұмыстарын қолға алған.