Қазақстанның 20 өңірінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 1 мың орындық жаңа форматтағы арнайы мектептер салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар облыстарда 600 орындық оңалту және сауықтыру кабинеттері бар ұйымдар ашу көзделген. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, бүгінде елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала тұрады. Оларға қолдау көрсететін 541 арнайы ұйым жұмыс істейді.
Бұл бағытта білікті мамандар даярлауға да көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта еліміздің 17 педагогикалық жоғары оқу орны мен 9 колледжінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандар даярланады. 2027 жылы колледждерде 500-ден астам логопед даярлау жоспарланған.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарында 7,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді. Биыл алты колледжде осы мамандық бойынша оқыту басталып, 210 студент қабылданды.
Балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте анықтау үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларды (ПМПК) ашу нормативтерін қайта қарау көзделіп отыр. Қазіргі қолданыстағы норматив бойынша бір ПМПК 50 мың балаға есептелсе, жаңа тәсілде бұл көрсеткішті 40 мың балаға шаққандағы деңгейге өзгерту жоспарланған.
Арнайы ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. 2024 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 99 арнайы мектептің оқу кабинеттері мен шеберханалары жаңартылды.
Бұдан бөлек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдауды жетілдіру мақсатында 2026–2030 жылдарға арналған Инклюзивті білім беруді дамытудың ведомствоаралық кешенді жоспары бекітілді.
Жоспарды іске асыру балаларға көрсетілетін қолдау қызметтерін жетілдіруге, мамандар даярлауға және өңірлерде білім беру мен оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.